X

ҚАЗАҚКОНЦЕРТТЕ ФОРТЕПИАНО МУЗЫКАСЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ

24.01.2026

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі фортепиано музыкасының кешін ұсынды.

Концерт бағдарламасында Д. Д. Шостакович, С. В. Рахманинов, А. Н. Скрябин секілді композиторлардың жауһар туындылары орындалды. Қалың жұртшылықтың қошеметі мен таңданысқа толы пікірлері бұл кешті ұмытылмас естелікке айналдырды.

Музыка кешінде әлемге әйгілі солистер Владимир Овчинников пен Юрий Богданов өнер көрсетті.

Владимир Овчинников — Ресей және Башқұртстанның Халық әртісі, П.И. Чайковский атындағы және Лидстегі (Ұлыбритания) беделді халықаралық байқаулардың лауреаты. Оның шығармашылық жолы Лондондағы Корольдік филармония оркестрінен бастап, АҚШ, Еуропа мен Жапонияның үздік ұжымдарымен тығыз байланысты. Владимир Овчинников классикалық және романтикалық туындыларды терең түйсікпен жеткізетін шебер әрі мықты тәлімгер ретінде танымал.

 Юрий Богданов — Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының профессоры. Оның орындаушылық өнеріне асқан еркіндік, айрықша темперамент және авторлық ойды дәл жеткізу тән. Әсіресе, И.С. Бах, Ф. Шуберт және А. Скрябин шығармаларын интерпретациялауда Ю. Богдановтың өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Әлемнің ең таңдаулы сахналарында өнер көрсеткен пианист — беделді халықаралық конкурстардың жеңімпазы және мәртебелі «Steinway Artist» атағының иегері

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.

Поделиться в соц. сетях: