«ASTANA MUSICAL» ТЕАТРЫ КОНЦЕРТТІК МАУСЫМДЫ «ДОСТАР СЕРТІ» МЮЗИКЛІМЕН БАСТАДЫ
12.09.2026
2026 жылғы 12 қыркүйекте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамындағы «Astana Musical» мемлекеттік театры 66-концерттік маусым аясында көрермен назарына «Достар серті» мюзиклін ұсынды.
Театрдың маусымашар қойылымына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап қатысып, «Аstana Мusical» ұжымын биылғы 10 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Баршаңызды «Astana Musical» мемлекеттік театрының 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! «Достар серті» мюзиклімен шығармашылық жолын бастаған театр бүгінде өзіндік қолтаңбасы мен тұрақты көрермені қалыптасқан кәсіби өнер ордасына айналды. Осынау жылдар ішінде ұжым мазмұнды қойылымдар ұсынып, еліміздің театр өнерінің дамуына лайықты үлес қосып келе жатыр. Өдеріңіз білесіздер, биыл да Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, театр репертуары екі бірдей жаңа қойылыммен толығып жатыр. Бұл да көрерменін қуантатын жақсы жаңалық. Ұжымға шығармашылық шабыт, жарқын премьералар мен толайым табыс тілеймін!», - деді Шерхан Талап.
Айта кетейік, 2016 жылы құрылған «Astana Musical» мемлекеттік театры – Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған мюзикл театры. Шығармашылық жолын 2016 жылы отандық алғашқы мюзиклдердің бірі – «Достар серті» музыкалық қойылымымен бастаған театр он жыл ішінде тұрақты көрермені, өзіндік шығармашылық бағыты мен қалыптасқан сахналық дәстүрі бар кәсіби өнер ордасына айналды.
«Astana Musical» театры жыл сайын жаңа шығармашылық маусымын «Достар серті» мюзиклімен ашып, оны көрермен назарына қайта ұсынады. Арада он жыл өтсе де, қойылымға деген көрерменнің қызығушылығы мен ықыласы төмендеген жоқ.
Бүгін де достық пен сенімнің, арман мен жастық шақтың жарқын бейнесіне айналған қойылым көрерменді қайтадан әсерлі музыка, шынайы сезім және сахналық оқиғалар әлеміне жетеледі.
Қойылым соңында ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ықылас гүлі ұсынылды.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз