X

Біз туралы

  Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 1960 жылы Алматы қаласы Жамбыл атындағы филармонияның құрамында «Қазақконцерт» - мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігі атауымен мәдени-концерттік ұйымы болып құрылған. 1960 жылы 15 шілдесінде Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен Қазақ филармониясынан бөлініп шықты.

        1960-1961 жылдары «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігінің алғашқы көркемдік жетекшісі болып, Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген қайраткері, қазақ-совет композиторы, домбырашы Мәкәлім Қойшыбаев тағайындалған.

        Өнер ордасының тарихы Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Омарова, Ж.Елебеков, Г.Баязитова, Р.Есімжанова, Ү.Тұрдықұлова, Н.Тапалова, Р.Бағланова, М.Хамзин сынды қазақ музыка мәдениетінің негізін қалаған ірі тұлғалардың есімдерінен бастау алады. Кейін олардың қатарын Е. Рахмадиев, С.Тыныштығұлова, Ә. Есқалиев, С. Шүкіров, Г.Талпақова секілді көрнекті өнерпаздар толықтырды. Ұйымның алғашқы жылдарында «Балбырауын», «Медео», «Әсем ән мен тәтті күй», «Қыздар-ай», «Перне», «Рауан», «Всюду с песней», «Молодость в пути», «Арай», «Жалын», «Дәурен», «Самал» ұлттық аспаптар ансамблі және т.б. ұжымдар өнер көрсетіп,  «Дос-Мұқасан», «Арай», «Серпер»  концерттік ұжымдарының майталмандары бұл ізді жалғастырып, еліміздің атын әлемдік сахналарда асқақтатқан.

        Өнер ұйымы 2016 жылы еліміздің бас қаласы – Астанаға ауысып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы болып өзгертілді.

        «Қазақконцерт» ұжымы ТМД мемлекеттерінде баламасы жоқ әрі Қазақстан Республикасының маңызды архитектуралық құрылымдарының бірі, замануи технологиялармен қамтамасыз етілген – «QAZAQSTAN» орталық концерт залында еңбек етуде.

        2021 жылы «Қазақконцертке» КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді.

       2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына «Академиялық» мәртебесі берілді.

        Музыка өнерінің қара шаңырағына айналған «Қазақконцерттің» қазіргі келбетін А.Қоразбаев, А.Мұсахаджаева, Р.Рымбаева, М.Жүнісова, А.Нұрмағамбетова, Ж.Ысқақова, Б.Сәмединова, Қ. Махан, А.Елшібаева, А.Балажанова, М.Салықов, К.Төленбаева, Е.Жаңаберген, Д.Құдайберген, Е.Рысқали, А.Жылтыркөзов, М.Әуелбекова сынды бүгінгінің дүлділдері мен «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «TURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Forte trio» мемлекеттік триосы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Astana Musical» мемлекеттік театры, «Классикалық өнер» бөлімі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, «Saz&soul» вокалдық-аспаптық ансамблі, т.б., өнер ұжымдары қалыптастыруда.

       «Қазақконцерт» - қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы,  музыка әлемінің тұңғиық сырынан сусындатар өнер ордасы. Тарихы терең «Қазақконцерт» - ұлттың рухани мүддесін ұлықтап, еліміздегі музыкалық өнердің дамуына зор үлес қосып келе жатқан, талғамы биік өнерсүйер қауымды қазақтың және әлемдік өнер туындыларымен  қауыштыратын өнер мен тыңдарманның арасындағы алтын көпір.

<p><strong>Роза Тәжібайқызы Бағланова - </strong>кеңестік, қазақ опера және эстрада әншісі. КСРО Халық әртісі. Қазақстан Республикасының Халық әртісі. Қазақстанның Халық Қаһарманы.</p>

Роза Тәжібайқызы Бағланова - кеңестік, қазақ опера және эстрада әншісі. КСРО Халық әртісі. Қазақстан Республикасының Халық әртісі. Қазақстанның Халық Қаһарманы.