Қазақконцертте «PAGANINI & BRUCH» концерті өтті
12.03.2026
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «PAGANINI & BRUCH» атты музыкалық кеші өтті.
Концерт италиялық ұлы скрипкашы және композитор Никколо Паганинидің шығармасымен ашылды. Кеш бағдарламасында көрермен назарына Никколо Паганинидің cкрипка мен оркестрге арналған №1 концерті және «Венециялық карнавал» шығармасы, сондай-ақ, Макс Брухтың үш бөлімнен тұратын концерті ұсынылды.
Музыкалық кешке Сағадат Омарғазин және Давиде Алонья қатысты. Сағадат Омарғазин – республикалық және байқаулардың лауреаты, Австрияда өткен Бетховен атындағы XIX халықаралық скрипкашылар байқауының жеңімпазы. Қазіргі уақытта ол Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің мамандандырылған музыкалық мектепте Қазақстанның Халық әртісі, профессор Айман Мұсахаджаеваның жетекшілігімен білім алуда. С. Омарғазин елдің аспаптық өнерін дамытуға елеулі үлес қосып, ірі концерттік жобаларға қатысады және академиялық музыканы кең аудиторияға насихаттап жүр. Кеш дирижеры - Бахытжан Мусаходжаева.
Іс-шара барысында Сағадат Омарғазинге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның алғыс хаты жолданды. Хатты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Ерғазыұлы Дәкенов табыстады.
«Сахнадағы жарқын орындаушылық өнеріңіз өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөленіп, қазақ музыка мәдениетінің дамуына зор үлес қосып жүрсіз. Өнеріңіз тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, ұлттық мәдениетіміздің абыройын асқақтауға қызмет етіп келеді» делінген хатта.
Сондай-ақ, іс-шарада Еуропаның музыкалық академияларында жоғары бағаға ие болған италиялық скрипкашы Дэвиде Алоньяның виртуозды орындауы ерекше атмосфера сыйлады. Әлемдік сахналарда танымал болған ол Итальяның ең үздік скрипкашыларының бірі. Сонымен қатар Наталия Гутман, Элисо Вирсаладзе, Бруно Канино, Джеффри Сван, Энрико Паче, Роберто Проседа секілді ұлы музыканттармен бірге бір сахнада өнер көрсетті. Маэстро Джулиано Карминьола оны «таңғажайып талант иесі» деп атап өтті. Сиенадағы Чигиана академиясының арнайы сыйлығымен марапатталған.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз