X

Астанада композитор, дирижер Әли Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған концерт өтті

18.03.2026

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында танымал композитор, дирижер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Демегенұлы Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өті. 
Концерттік бағдарламада композитордың «Алаш елі», «Төсбұлақ» күй-поэмалары, «Әке», «Аққуым болып оралдың ба?», «Аман болшы, жан ана», «Қазақ елі» әндері және т.б. туындылары орындалды. 
Іс-шараға халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов, «Күреңбел» триосы, сондай-ақ, Жомарт Такебаев, Мақсат Нұрланов, Талғат Оразаев, Толқын Скакова, Салтанат Мұратқызы, Шахзод Сана, Сәуле Алимбетова, Аружан Жалғасова, Жібек Мүсургалиева, Ватулко Светлана, Әлсейіт Шұғыла, Ақбота Сабыржанова, Самат Жексенбаев, Гүлбану Лахаева, Нұржан Майлы және Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрі қатысты.


Кеш барысында Әли Алпысбаевқа Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хаты жолданды. Хатты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Ерғазыұлы Дәкенов табыстады.
Әли Алпысбаев 50-ден астам ән және жеке музыкалық аспаптарға арналған туындылар жазды. Оның шығармашылығы ұлттық дәстүр тереңдігімен және заманауи музыкалық әуенімен ерекшеленеді. Ол Мұқан Төлебаев атындағы халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер байқауы мен «Кестелі орамал» вокалшылар байқауының ұйымдастырушысы. «Елге арнау» поэмасы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік грантының лауреаты және «Елім менің» республикалық байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.


2015 жылы «Тәуелсіздік толғауы» атты VI республикалық жаңа өнер туындылары байқауына қатысып, «Орбұлақ таңы» симфониялық күй поэмасымен Гран-при иеленді. Композитордың шығармашылық қызметі халықаралық деңгейде де жетістіктерге жетті. Ол Ресей, Қытай және Түркия сияқты елдерде гастрольдік сапармен болып, халықаралық аренада өз өнерін паш етті. Сонымен қатар, Польшада өткен 8-ші Дүниежүзілік өнер фестивалінде жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосты.

Поделиться в соц. сетях: