Тілегіміз - ел бірлігі
16.09.2022
«62 жылдық тарихы бар мәдениет пен өнердің қара шаңырағының қызметі биылғы жылы жаңа қарқынмен бастау алды. Оның ішінде ұйымның байырғы гастрольдік сапарларын жаңғырып жатқан жаңа жобалар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес, «Қазақконцерт» ұжымы 2022-2025 жылдарға арналған жоспарын бекітіп, ел аумағындағы барлық моноқалалардың тұрғындары үшін қолжетімді сапалы мәдени өнімдерді ұсынуға кірісті. Бұл жоспар аясында ұйымның танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары жақында ғана Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстарында болып, енді жақын күндерде, қыркүйектің 21 күні биыл құрылған жаңа облысымыз Жетісуға, әрі қарай Түркістан, Жамбыл облыстарының моноқалаларында концерттер беруге гастрольдік сапарға аттанады»,- деп атап өтті спикер.
Бұдан бөлек, «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасын жүзеге асырып, Президент Жолдауында жарияланған Абай, Ұлытау, Жетісу секілді жаңа облыстардың орталықтары мен моноқалаларына, шалғай жатқан аудандарына концерттік бағдарламалар ұсыну қолға алынған.
Ақтоты Рахметоллақызының айтуынша, аталған жобалардың негізгі мақсаты – өңір тұрғындарына мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өңірлердегі ұжымдар мен әртістерді қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отандық өнердің көкжиегін кеңейту.
Алғашқы гастрольдік сапар Абай облысында өтіп, оған Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов бастаған бір топ әртістер барды.
«21-қыркүйекте, алдағы аптада «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы «Әнім сенсің, Алатау» атты мерекелік концертпен Жетісу облысына гастрольдік сапарға аттанбақ. Талдықорған, Текелі қалаларында концерт беріп, әрі қарай Алматыға жол тартады»,- деді Ақтоты Рахметоллақызы.
«Қазақконцерттің» 62-ші концерт маусымында ұсынылатын жаңа форматтағы жобалардың қатарында «Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі бар. Биыл тұңғыш рет өткізгелі отырған фестиваль аясында Қазақконцерт елордаға көшкеннен кейін алғаш рет барлық әртістер барып, Алматы қаласында үлкен концерттер, спектакльдер қояды.
«Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығы аясында әншінің туған жері Қызылорда облысына гастрольдік сапарлар жоспарланып отыр. «Қазақконцерттің» «Astana Musical» мемлекеттік театры бұл өңірдің халқына «Роза Бағланова» және «Достар серті» спектакльдерін сахналайтын болады. Сондай-ақ, Қызылорда облысының Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының, Байқоңыр қаласының тұрғындарына концерттік бағдарламалар ұсынамыз. Қызылорда облысына гастрольдік сапарымыз қыркүйектің 30 күнінен басталып, қазанның 4 күніне дейін жалғасады»,- деп түйіндеді сөзін спикер.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз