X

«ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» САХНАСЫНДА ЖАС ВИРТУОЗДАР ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

Күні: 26.12.2023 Уақыты: 19:00 Зал: Үлкен зал

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі елорда тұрғындары мен қонақтарын «ЖАҢА ЕСІМДЕР. «CELLO ДАУЫСЫ» атты концертіне шақырады. 

Симфониялық музыка кешінде болашақтарынан зор үміт күттіретін талантты Илья Посохов, Исак Батырхан, Шаншар Қинаят, Нұрболат Бауыржан сынды виолончель аспабының жас шеберлері өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ профессоры Бақытжан Мұсаходжаева дирижерлік етеді.

Кеш бағдарламасында А. Дворжактың «Оркестрмен виолончельге арналған концерті» және Э. Элгардың «Оркестрмен виолончельге арналған концерті» орындалады.

Жобаның басты мақсаты - Қазақстанда классикалық музыканы насихаттау, талантты орындаушыларды анықтау және ынталандыру.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр құрамы асқан виртуоз шеберлер мен камералық музыкалаудың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары, яғни жоғары кәсіби музыканттардан құралған. Дарынды 90 музыканттан тұратын оркестр әртүрлі дәуірлер мен стильдердің туындыларын және барокко, классикалық және заманауи музыка орындау өнерін жоғары дәрежеде меңгерген. Ұжым шығармашылығының маңызды бөлігі -  ұлттық музыка, халық әндері мен күйлерін оркестрлік өңдеу, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының шығармаларын орындау. 

Еске салайық, оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, Қазақ ұлттық университетінің ректоры, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.

Оркестрдің бас дирижері - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ профессоры Бақытжан Мұсаходжаева.

 

Поделиться в соц. сетях: