X

«ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» САХНАСЫНДА ЖАС СКРИПКАШЫ-ВИРТУОЗДАР ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

Күні: 20.11.2023 Уақыты: 19:00 Зал: «QAZAQSTAN» ОКЗ

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі елорда тұрғындары мен қонақтарын «ЖАҢА ЕСІМДЕР» атты концертіне шақырады. 

Симфониялық музыка кешінде Ерболат Ахмедьяров (Қазақстан) және Эльдар Сапараев (Швейцария) дирижерлік етеді.

Кеш бағдарламасында Давид Ойстрахты еске алуға арналған «Astana Violin» Х халықаралық скрипкашылар байқауының лауреаттары - Софи Брэнсон (Швейцария), Гульназ Мухамбетуалиева (Қазақстан), Амина Ахметжанова (Қазақстан), Никита Евгений Коллер (Швейцария) сынды виртуоз жас скрипкашылардың орындауында түрлі жанрдағы шетелдік композиторлардың танымал туындылары орындалады, атап атсақ,                          Я. Сибелиустың «Оркестрмен скрипкаға арналған концерті»,                                  Г. Венявскийдің «Оркестрмен скрипкаға арналған №2 концерті»,                             П. Сарасатенің «Цыганские напевы», А. Хачатурянның «Оркестрмен скрипкаға арналған концерті», Э. Хубаидың «Фантазия на темы из оперы Ж. Бизе «Кармен» сынды шоқтығы биік шығармалары бар.

Айта кету керек, «Astana Violin» халықаралық скрипкашылар байқауы қатысушылар мен көрермендердің асыға күтетін іс-шараларының біріне айналды. Биыл шығармашылық сайысқа 10-28 жас аралығындағы 50 скрипкашы қатысты. Отандық және шетелдік келешегінен зор үміт күттіретін жас орындаушылардың өнерлерін әлемнің түрлі елдерінен келген танымал музыканттардан құралған қазылар алқасы бағалады.

Жобаның басты мақсаты - Қазақстанда классикалық музыканы насихаттау, талантты орындаушыларды анықтау және ынталандыру.

Эльдар Сапараев - қазақстандық виолончелист және дирижер. Көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Бах атындағы Халықаралық академияның мүшесі, Мемлекеттік өнер университетінің профессоры (Словения, Любляна қ.), Klassik Konstanz қорының төрағасы (Германия), Global Music Partnership халықаралық мәдениетті дамыту қорының еуропа бөлімінің төрағасы (АҚШ). 2022 жылы халықаралық TURKSOY ұйымының Қазақстан мәдениетіне қосқан үлесі үшін Абай атындағы алтын орденімен марапатталды.

 

Ерболат Ахмедьяров - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай ат. ҚазҰОБТ бас дирижері. Маэстро Құрманғазы ат. Қазақ ұлттық консерваториясын опера-симфониялық дирижерлеу (профессор Абдрашев Т.А. сыныбы) және фортепиано (аға оқытушы Урманчеев Т. А. сыныбы) мамандықтары бойынша үздік тәмамдап, ассистентура-консерваторияның тағылымдамасынан өтті. Е. Ахмедьяров опера, балет және симфониялық бағдарламаларда өнер көрсетумен шектелмей, дирижерлік мансабын оқытушылық қызметпен сәтті ұштастыруда. Дирижерлік шығармашылығында көптеген марапаттарға ие болды. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты және опера өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының иегері атанды.

Еске салайық, қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр құрамы асқан виртуоз шеберлер мен камералық музыкалаудың үздік әлемдік дәстүрлерін дамытып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары, яғни жоғары кәсіби музыканттардан құралған. Дарынды 90 музыканттан тұратын оркестр әртүрлі дәуірлер мен стильдердің туындыларын және барокко, классикалық және заманауи музыка орындау өнерін жоғары дәрежеде меңгерген. Ұжым шығармашылығының маңызды бөлігі -  ұлттық музыка, халық әндері мен күйлерін оркестрлік өңдеу, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының шығармаларын орындау. 

Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, Қазақ ұлттық университетінің ректоры, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.

Оркестрдің бас дирижері - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ профессоры Бақытжан Мұсаходжаева.

 

Поделиться в соц. сетях: