X

Белгілі қазақстандық және шетелдік музыканттар «ALEM SAZ» халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді

Күні: 27.09.2023 Уақыты: 19:00 Зал: «QAZAQSTAN» ОКЗ

«ALEM SAZ» II Халықаралық музыка фестивалі алдағы күз мезгілінің ең маңызды мәдени шараларының біріне айналмақ. 27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында елорда тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан, Түркия, Жапония, Венгрия, Германия, Пәкістан, Испания және Ресейдің ең үздік өнерпаздары өнерін көрсетеді.

«ALEM SAZ» – әлем елдері мәдениетін шығармашылық ынтымақтастық арқылы бір платформада біріктіруге арналған халықаралық фестиваль. Жоба ұлттар мәдениетін біріктіру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарау бағытына негізделген. Халықаралық музыка фестивалі елдер арасындағы достық байланыстарды кеңейту мен нығайтуға және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған. Фестиваль бағдарламасында шетелдік әртістердің концерттері, кинокөрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.

2022 жылы жоба Қазақстан мен әлемнің 76 елі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға және АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) құрылғанына 30 жылдығын мерекелеу аясында алғаш рет ұйымдастырылды. Іс-шараға Италия, Германия, Үндістан, Ресей, Испания, Беларусь және Түркия елінің музыканттары қатысып, 13 мыңнан аса көрермен тамашалады. «ALEM SAZ» фестивалінің жабылуында «АSTANA SAZY» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің «ZAMAN» атты жаңа күйтабағының тұсаукесері де өтті.

Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өтеді. 

 

Поделиться в соц. сетях: