Қазақконцерттің ел өңірлеріндегі гастрольдері сәтті жүзеге асты
30.04.2022
Қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ел өңірлерінде белсенді насихатталып, кеңінен аталып өтілуде. Роза Тәжібайқызының бай мұрасын халық жадында жаңғыртып, өңірлердің мәдени өмірін түрлендіруге Қазақконцерттің гастрольдік керуені зор үлес қосты. Ұйым әртістері сәуір айының басынан бастап еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты 4 гастрольдік концерт өткізді. Мерейтой аясындағы үлкен концерттер осы жылдың мәдени астанасы – Көкшетау қаласынан басталып, Петропавл, Павлодар және Қарағанды қалаларын қамтыды.
Гастрольдік концерттерге Қазақконцерттің белгілі әртістері мен өнер ұжымдары қатысып, Роза Бағланова қалдырған мол мұраны жаңаша жаңғыртты. Концерттерде «Әдемі-ау», «Бәрінен де сен сұлу», «Сәулем-ай», «Іңкәрім-ай», «Ақтамақ», «Сыр гүлі», «Ах, Самара – городок» т.б. Роза Тәжібайқызының репертуарындағы танымал туындылар өзгеше реңкке боялды. Ұлттық өнер, эстрада, классика, мюзикл бағыттарында шырқалған сүйікті әндер тыңдарман қауымды тәнті етті. Концерттердің тағы бір ерекшелігі – Қазақконцерт әртістерімен бірге сахнада облыстық филармониялардың өнерпаздары өнер көрсетті. Бұл өңірлік концерттік ұйымдармен байланысты арттыруға, өзара тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік болды. Ән мен күйден шашу шашқан әртістердің өнері қалың көрерменнің зор ықыласына ие болды.
«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының баспасөз қызметі мәлімдегендей, гастрольдердің басты мақсаты – ұлттың үніне айналған әншінің мұрасын халық жадында мәңгі сақтауға, ғасырлық мерейтойдың кеңінен насихатталуына үлес қосу.
Еске салсақ, Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы осы жылдың 1-наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, Қазақконцерттен бастау алған. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл іс-шаралар бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз