X

Вашингтонда Наурыз мейрамы атап өтілді

23.03.2023

 

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі Орталық Азия елдерінің, Әзербайжанның, Түркияның Елшіліктерімен және Американың дипломатия қызметінің дүниежүзілік қауымдастығымен бірлесіп АҚШ Мемлекеттік департаментінде Наурыз мейрамын атап өтуді және қаланың ірі алаңдарының бірінде «Тұран» тобының концертін ұйымдастырды. 

Мемлекеттік департаментте өткен шарада қонақтарға концерттік бағдарлама, қолөнер бұйымдарының көрмесі, сондай-ақ дәстүрлі ұлттық тағамдар тарту етілді. Құттықтау сөзді АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Венди Шерман, АҚШ Қорғаныс министрі көмекшісінің Ауғанстан, Пәкістан және Орталық Азия бойынша орынбасары Ребекка Зиммерман және АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) директоры көмекшісінің орынбасары Анджали Каур ұсынды. 

Мәдени бағдарлама аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің солистері АҚШ-қа Елшіліктің шақыруымен әлемдік турне аясында келген болатын. Заманауи қойылымдағы көне ұлттық музыкалық аспаптарда виртуоздық ойын мен көне көмей ән өнері америкалық истеблишмент өкілдерінің қошеметіне бөленді. 

Сол күні ҚР Елшілігі «Тұран» тобының үлкен концертін ұйымдастырып, оған 500-ден астам адам тіркелді. Қобыз, жетіген, шертер, даңғыра, ортеке, сыбызғы, т.б 30-дан астам ұлттық музыкалық аспаптарда көпшіліктің көңілінен шыққан туындыларын орындаған өнерпаздарды қазақ диаспорасы мен америкалық тыңдармандар жылы қарсы алды. 

Көне ұлттық ән мен музыкалық өнерді жаңа үнмен паш еткен қазақ топтың өнерін көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алды. Концерт маңызды мәдени оқиғаға айналып, оның аясында жергілікті тұрғындар еліміздің бай мәдениеті мен мұрасымен танысуға мүмкіндік алды. 

https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/region-news/details/12715?lang=kk

Поделиться в соц. сетях: