X

Музыка салтанаты: классикадан джазға дейін

08.09.2023

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының 63-ші концерттік маусымның салтанатты ашылуы «GALA OPENING» жобасынан басталды

«Қазақконцерт» ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына астанамыздың жаңбырлы күзінің алғашқы күндерін мерекелі көңіл күймен безендіру мақсатында алуан түрлі жанрдағы ауқымды концерттік бағдарламаларын ұсынды. «Қазақконцерт» ұжымдары мен солистері талғамы биік көрерменге өздерінің үздік нөмірлерін тарту етті. Музыкалық кешті Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін, сәні мен салтанаты келіскен қыз-жігіттерден құралған «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Арнау» композициясы ашты. Шымылдығын ұлттық өнеріміз түрген іс-шараның жалғасын қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармалары, соның ішінде классика мен халық әуендері, опералық ариялар мен эстрадалық әндер жалғады. «Astana Musical» театрының әртістері, «Turan», «Гүлдер» ансамбльдері, «Халық қазынасы» дәстүрлі өнер орталығының солистері, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Медет Чотабаев, Әлішер Кәрімов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Рухия Байдүкенова, Әлібек Әлмадиев, Ернар Садырбаев (Amre), халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Дидар Әбдухалық және басқа да көптеген өнерпаздар  сахнаның сәнін келтіріп, көрермендер ықыласына бөленді. Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» патриоттық композициясы жобаның барлық қатысушыларын біріктіріп, аталмыш кештің әдемі нүктесін қойды.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова: «Біз 63-ші маусымның ашылуын бір күнге сыйдыра алмадық, сондықтан музыкалық бағыттардың барлық түрлері мен жанрларын қамтитын төрт концерт өткізуді ұйғардық. Гала-концертке елорданың 2000-ға жуық тұрғыны мен қонақтары қатысты. Содан кейін бізде республиканың әртүрлі өңірлерінде, соның ішінде Алматы және Қызылорда облыстарында көптеген концерттер болады. Осы жартыжылдықта біз Қытай Халық Республикасына, АҚШ-қа, Түркияға, Сербияға және Әзірбайжанға гастрольдік сапарлар жоспарлап отырмыз. Музыкалық кештер жеке форматта да, үлкен гала-концерт форматында да өтеді».

Эстрада әншісі, Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Меңдіғалиева концерттен кейінгі әсерімен бөлісті: «Демалыстан кейін біз сүйікті әріптестерімізді қатты сағындық. Мен үшін «Қазақконцерт» - бұл біздің екінші үйіміз, өйткені бұл жерде біздің шығармашылық өміріміздің ең эмоционалды сәттері өтеді», - деді ол.

«Bridge of TIMES» музыкалық кеші - «Gala Opening» жобасының ерекше бөлімі. «Turan» этно-фольклорлық ансамблінің жаңа бірегей жобасы - ұлттық және классикалық музыканың қайталанбас симбиозы. Түркі әлемінің брендіне айналған шынайы фольклорлық шығармашылық ұжыммен бірге қазақстандық өнер шеберлері композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлова, опера әншісі, тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев, Арриго Бойто атындағы консерватория магистрі (г. Парма, Италия) Әйгерім Алтынбек, пианист, концертмейстер Дина Мирманова және виолончелист Нұрисламбек Жұматов сынды  өнерпаздардың сахнадағы өнерлерінен кейін көрермендер құдды бір басқа тылсым әлемге енгендей күй кешті.

Қазақ музыкасы отандық және шетелдік композиторлардың классикалық әуендерімен үйлесіп, елордалық көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Концерттік бағдарламаның басты ерекшелігі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ақтоты Райымқұлованың «Bridge Of Times», «Crossroads», «Қыпшақ ұраны» шығармалары болды. Әртістер түркі мотивтерінің еуропалық әуендермен үйлесімдігін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне ие болды.

«Бұл музыкалық кеш біздің әдеттегі концерттерімізге ұқсамайды. Әдетте біз дәріс-концерттер өткіземіз және тыңдаушыларды халықтың рухани мұрасын бейнелейтін дәстүрлі қазақтың ұлттық аспаптарының ерекшеліктерімен таныстырамыз. Бұл бағдарлама өзіндік дәстүрлі шығармашылық пен еуропалық классикалық өнердің синтезі болып табылады»,-деп түсіндірді «Turan» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Мақсат Медеубек.

«Қазақконцерттегі Jazz кештері» ауқымды фестивалінің салтанатты ашылуы көрермендерді нағыз музыкалық ғажайыпқа бөлеп, ұмытылмас көңіл күй сыйлады. Екі күн бойы JAM-SESSION сахнасында Астана, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының үздік джаз ұжымдары өнер көрсетті «Қазақконцерттің» Айжан Нұрмағамбетова, Жанна Орынбасарова, Зарина Божакова, Әлібек Әлмадиев, Салтанат Меңдіғалиева сынды әншілері мен «Saz&Soul» вокалдық-аспаптық ансамблі, т.б. солистері джаз оркестрлерінің сүйемелдеуімен өздерінің ерекше шығармашылық нөмірлерін ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Көрермендер Өзбекстанның халық әртісі, әнші Мансұр Ташматов пен саксофоншы Әзизбек Исматуллаевтың өнерін асыға күтті. Шырайлы Ташкенттен келген қонақтар әуезді әуендермен, асқан орындаушылық кәсібиліктерімен көрермендерді баурап алды. JAM-SESSION фестиваліне қатысушыларды біріктірген қайталанбас шығармашылық атмосфера елорда тұрғындары мен қонақтарына импровизацияның шынайы шеберлігін айқын көрсетті.

Өзбекстанның халық әртісі қазақстандық джаз оркестрлерінің кәсіби деңгейіне тәнті болды.

«Қазақстан маған бай мәдениеті бар ел ретінде әрқашан қымбат. Сондай-ақ, менің алғашқы конкурстық қойылымым Алматыдағы «Қазақстан» концерт залының сахнасында өткен, мен сол кезде Роза Рымбаева ұстаған  микрофонды ұстадым. Астанада алғаш рет маусымның басталуымен тұспа-тұс келген джаз фестиваліне қатысқаныма қуаныштымын. Фестивальдің негізгі іргетасы - халықтарымыздың бірігуі, мәдениеттердің жақындасуы», - деді Мансұр Ташматов.

Әнші Әлібек Әлмадиев: «Мен «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрімен бірге джаз фестиваліне қатысқаныма өте қуаныштымын. Бүгін біз «Big Band» құрамында джаз стандарттарын ұсынамыз. Джаз маған жақын, өйткені мен Гнесин атындағы Ресей музыка академиясының эстрадалық-джаз бөлімінде оқыдым. Студент кезімде джаз менің сүйікті жанрларымның біріне айналды, мен тіпті жас кезімде саксофон ойнадым. Джаз стандарттарында көрермендерді таң қалдыратын еркіндік пен қиыл бар», - деп атап өтті.

Жалпы, ұйымның жаңа концерттік маусымының ашылуы ерекше, жарқын, жоғары дәрежеде және талғампаз көрермендердің талғамына сай өтті. «Қазақконцерттің» әртістері алдағы уақытта да көрермендермен өздерінің жетістіктері мен жаңалықтарымен бөлісіп, қуантуды жалғастырады. Және елорда тұрғындары мен қонақтарын келесі айларда жоспарланған «Alem Saz», «Арман асулары» және «Көшпенділер әуені» ойын-сауық фестивальдеріне шақырамыз.

Поделиться в соц. сетях: