X

Елордалықтар «Жастар әні» мерекелік концертін тамашалады

08.06.2022

Қазақконцерттің жас әншілері Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойы аясында елордалықтарға тамаша тарту жасады. «Жастар әні» атты мерекелік концертті ұсынған жас таланттар егемен еліміздің жетістіктерін ән мен жырға қосты.

Бұл кеште музыкалық өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жас әртістер, халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Концерттің шымылдығы қазақ музыка өнеріне жаңа тыныс әкелген «Saz&soul» тобының әнімен ашылды.

Топтың сүйемелдеуімен сахнада Гүлсім Мырзабекова, Мади Сыздыков, Әлібек Әлмәдиев, Салтанат Меңдіғалиева, Ерболат Нариманұлы, Ербол Тәжібаев, Рухия Байдүкенова, Гүлнәр Көшенова, Дидар Әбдухалық сынды белгілі әншілер, халықаралық байқаулардың лауреаттары мен елімізге танымал «Меломен» тобы өнер көрсетті.

Әншілердің орындауындағы халық әндері, жаңа авторлық туындылар мен заманауи өлеңдер өнер сүйер қауымның зор ықыласына бөленді.

Салтанатты іс-шара әр көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, туған елге, тәуелсіздіктің символы– рәміздерге деген патриоттық сезімін ұштай түсті.

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған мерекелік концерттер маусым айының соңына дейін жалғасады.

Алдағы уақытта көрермендер «Astana Musical» театрының «Роза Бағланова», «Шаңырақ», «Достар серті» мюзиклдерін, «Халық қазынасы» өнер бөлімінің әртістері ұсынатын «Ән-күй қанатында», «Сырлы әндер – сырласым» концерттерін тамашалай алады.

Поделиться в соц. сетях: