X

ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ӘЛІМ

27.01.2023

    Әлемді аузына қаратқан Әлім небары 25 жаста. Ал ол болса Ван Клайберн атындағы жас пианистерге арналған І халықара­лық байқаудың жеңімпазы, Лист және Веймар қалаларындағы халықаралық жасөспірімдер және Манчестердегі пиа­нистер байқауының лауреаты атанған. Саусағынан саз тамшылаған талантты пианист Ұлыбританияның Лидс қала­сын­да өтетін аса беделді Халықаралық пианистер байқауының тарихындағы бірінші сыйлықты жеңіп алған тұңғыш қазақстандық-лауреат, Уотерман Алтын медалінің иегері, Royal College of Music магистрі.

    Бес жасынан күйсандықта ойнап, жиырмаға жетер-жетпес жасында дақ­пырты жер жарған дуалы ауыз білгір­лер тарапынан «әлем классикалық музы­касының құбылысы» деп бағаланған жас дарын Ә.Бейсембаевтың бұл күні әр концерті жыл бұрын жоспарланып, әр сапары минутына дейін есептеліп, алдын-ала келісіледі. Әлім танымал музы­канттармен ынтымақтаса жұмыс істеп ке­леді және Лондонның камералық ансам­бльдерінің құрамында концерттерге жиі шығады. Ерте танылған ерек­ше талант иесі уақытының тығызды­ғына қарамастан Роза Бағланова атын­дағы Қазақконцерт МКҰ ұсынысын қабыл алып, осы ұжымның солисі ретінде  «Алматыдағы Алтын күз Қазақ­кон­цертпен бірге» атты өнер фестивалінде өнер көрсетті. Жыл соңына қарай Астана қаласында бірнеше рет Қазақ мемлекеттік симфонялық оркестірімен бірлесіп, бірнеше концерттерін қойды.

   Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт МКҰ директоры А. Райымқұлова дүниежүзілік деңгейде жарқ етіп танылған жаңа есімді қолдауға даяр өз тәуелсіз елі бар екенін және Қазақстанға керек екенін білдіріп, әр шығармашылық жетістігін бағалап, рухани демеу болып отыру үшін Әлімді «Қазақконцерттің» солисі болуға шақырған болатын. Қоғаммен қарым-қаты­насын ағылшын тілінде атқарып жүрген азамат алтын қазығы, түп-тамыры қа­зақ топырағына байлаулы екенін бір сәт есі­нен шығармайтындықтан, бұл ұсы­нысқа қуана келіскен. Кіш­кентай күнінен туған жерінен жы­рақ­­та жүрген жас пианист әрдайым Қазақстанды көргенше асық. Себебі мұнда оның әжесі, ата-анасы, бауырлары тұрады.

   Музыкаға махаббаты бала күнінен бүр жарып, бүгінде шеберліктің шыңы­на шығып, шартараптың алдында Қазақ­станның атын асқақтатып жүрген Әлім Бейсембаевтың классикалық музыкадағы қадамы ерте басталғанымен, қанатын керіп, зеңгір көкте бауырын жазып ұш­қаны осы кезең. Әлім әлемдік деңгейдегі осы заманның ең озық он пианисінің қатарынан нық орнын алған. Маңдай термен жеткен айтулы жеңіс пен жетіс­тіктің бәрі жас талантты кемел жолға енді бастап келеді. Сондықтан, 2023 жылдың 31 қаңтарында BBC radio берілетін даңқты әріптесіміздің концертін жер-жаһанмен бірге тамашалайтын боламыз.

 

 

Поделиться в соц. сетях: