X

Көкшетауда Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өтті

01.04.2022

Көкшетаулықтар «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты жаңа концертті тамашалады. Көптен күткен үлкен концертті Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері мен шығармашылық ұжымдары ұсынды.

Іс-шара КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналады.

«Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған қалың көрермен Роза Бағланованың «Ах, Самара – городок», «Әдемі-ау», «Бәрінен де сен сұлу», «Сәулем-ай», «Іңкәрім-ай», «Ақтамақ», «Сыр гүлі» т.б. сынды атақты әндерін Қазақконцерт әртістерінің орындауында тыңдады. Сахнада Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Бибігүл Жанұзақ, Дінисламбек Жайлаубай, Күнсұлу Түрікпен, Нұрболат Арзамасұлы, Асқар Мұқият, Салтанат Меңдіғалиева, Әйгерім Алтынбек, Гүлнар Көшенова, Біржан Айтахметов, Зарина Жакенова және композитор Бауыржан Ақтаевтың көркемдік жетекшілігімен «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Мерекелік концерт көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, олардың зор ықыласына бөленді. Қазақконцерттің гастрольдік концерті пандемия мен қатаң карантиндік шектеулерден кейін тұрғындардың еңсесін көтеріп, тыңдарманның жоғары бағасын алды.

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының ресми өкілі Еламан Төлепберген мәлімдегендей, атақты әншінің 100 жылдық мерейтойын мерекелеу ресми түрде Қазақконцерттен бастау алған еді.

«Еліміздің ең ірі концерттік ұйымы ретінде Қазақконцертке былтыр Роза Бағланованың есімі берілді. Биыл біздің ұйым әншінің 100 жылдық мерейтойына арнап көптеген үлкен жобаларды қолға алды. Солардың бірі – бүгінгі мерекелік концерт. Елордадан бастау алған бұл жаңа жоба еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ. Көкшетау қаласынан кейін біздің гастрольдер Петропавл, Павлодар, Қарағанды өңірлерінде өтеді. Мақсатымыз – ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтауға өз үлесімізді қосу және өңірлік концерттік ұйымдармен өзара байланысын арттыру, тәжірибе алмасудың жаңа форматын енгізу»,- деп жеткізді Еламан Төлепберген.

Еске салсақ, Роза Бағланованың ғасырлық мерейтойы осы жылдың 1-наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, республиканың барлық аймағында ұйымдастырылуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл іс-шаралар бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.

Поделиться в соц. сетях: