X

Қазақстандық әртістер Берлиннің бас сахнасында өнер көрсетеді

11.02.2022

13 ақпан күні еліміздің «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы Еуропа мәдениетінің орталығы болып саналатын атақты Берлин филармониясында концерт өткізеді. Шетелдік көрермендер қазақстандық музыканттардың орындауында скрипка, виолончель және оркестрмен фортепианоға арналған Бетховеннің концертін тыңдай алады.


Бұл халықаралық деңгейдегі концерттің басты ерекшелігі – отандық әртістер әлемдік классикалық музыканың брендіне айналған Берлин симфониялық оркестрімен бірлесіп өнер көрсетеді. 73 жыл бұрын құрылған әйгілі оркестрмен бірлескен концерт өткізу – әрбір кәсіби музыкалық ұжым үшін үлкен мәртебе.

«FORTE TRIO» - белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің бастамасымен құрылған ерекше ансамбль. Бұдан бұрын фортепиано, скрипка мен виолончель аспаптары үйлесім тапқан музыкалық ұжымдар елімізде болмаған. Жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында «FORTE TRIO» Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттайтын үздік камералық ансамбльге айналды. Париж, Рим және Берлин сынды әлемдік мәдениет орталықтарымен қатар трионың гастрольдік картасында Антигуа мен Барбуда сияқты экзотикалық мемлекет бар. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай трио Францияның 4 ірі қаласында концерт өткізіп, осы елдің 2021 жылғы концерттік маусымын аяқтады.

Пандемиялық шектеулер жағдайында, сондай-ақ қаңтардағы оқиғалардың салдарынан әлемдік қауымдастық елімізді саяси катаклизмдер аренасы ретінде қабылданған кезеңде трио өз өнерлері арқылы Еуразиялық кеңістіктің көшбасшысы болып Қазақстан мәдениетінің жоғары дәрежесін көрсетуге ұмтылады.

Поделиться в соц. сетях: