X

Әртістеріміздің өнері америкалық жұртшылықты тәнті етті

11.10.2023

2023 жылдың 9 қазанда Карнеги холлда (Нью-Йорк) Isaac Stern сахнасында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің және Қазақстан Республикасының Халық әртісі Айман Мұсахаджаеваның (скрипка) үлкен концерті өтті. ҚазМСО әртістерімен бірге Метрополитен Опера, Балтимор симфониялық оркестрінің музыканттары өнер көрсетті, бұл Қазақстанның өнерінің даму жетістіктері мен шараның маңыздылығын аңғартады. Іс-шараны ұйымдастырушы - американдық Global Music Partnership LLC компаниясы. Нью-Йорк жұртшылығына Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» симфониялық сюитасынан «Аdagio» және «Қыз қуу» шығармалары, Сергей Прокофьевтің Бірінші симфониясы және «Грэмми» сыйлығына ұсынылған әйгілі американдық композитор және пианист Лоуэль Либерманның екі концерті ұсынылды. Қалың көрермен концертті жоғары бағалап, әртістерді ыстық ықыласына бөледі.

Концертте саяси элитадан, АҚШ-тағы қазақ қауымдастығының өкілдерінен басқа белгілі журналистер, олардың арасында NY Times және Vanity Fair журналдарының жазушысы Kurt Mcvey, сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының өкілдері мен Президенті Деннис Франсис болды.

10 қазанда Нью-Йорк қаласы Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтерінде Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің және Қазақстан Республикасының Халық әртісі Айман Мұсахаджаеваның (скрипка) концерті өтті.  Аталған концертте қазақ және еуропалық классиктердің туындылары шырқалды. Дирижерлік пульттің тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Дүйсенбаев ұстады. Классикалық музыка шедеврлерін тамашалаған көрермен Американың ең үлкен мегаполисіндегі тамаша музыкалық кеш үшін әртістерге алғыс айтып, ізгі ілтипаттарын білдіріп жатты.

Поделиться в соц. сетях: