Майдандағы әртістер
08.05.2021
Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Қазақконцерт майданда өнер көрсеткен әртістер туралы архивтік бейнематериалдарды ұсынды.
II Дүниежүзілік соғыста Жеңіске жету жолында еліміздің белгілі әртістері мен мәдени қызметкерлері үлкен үлес қосты. Соғыс алаңында жауынгерлерге рухани қолдау көрсету мақсатында майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды. Майдан даласына Қазақстаннан 16 концерттік бригада аттанды.
Қазақ әртістері майданның алғы шебінде 60 000 мыңға жуық концерт берді. Әртістердің майданға арнайы келіп, өнер көрсетуі жауынгерлерді қаһармандықпен соғысуға, тыл еңбеккерлерін жанқиярлық еңбекке жігерлендірді.
Қазақстандық концерттік бригадалар Кеңес одағының ірі әскери бөлімдерінде, госпитальдар мен арнайы жасақталған пункттерде өнер көрсетті. Қазақ әртістері Калинин, Солтүстік-Батыс, Сталинград, Оңтүстік-Батыс, Белорус, Қиыр шығыс майдан шептеріне дейін барды.
Концерттік бригадалардың құрамында республиканың көрнекті әнші-актерлері К.Байсейітова, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Омарова, Р.Бағланова, Е.Өмірзақов, Р.Елебаев Ү.Тұрдықұлова, Ә.Үмбетбаев М.Абдуллин, Б.Артықова, Н.Әбішев, Ш.Бейсекова, Қ.Лекеров; бишілер Ш.Жиенқұлова, Н.Тілендиев, З.Розмұхамедова; домбырашы Л.Мұхитов т.б.болды.
Соғыстан кейін бұл әртістер «Қазақконцерт» ұйымының құрылуына зор үлес қосып, қазақ музыкалық өнерінің тарихында ерекше із қалдырды.
Концерттік ұйымдармен қатар еліміздің театрлары да өз өнерлері арқылы жауынгерлерге қолдау көрсетті. Мыңға жуық жаңа опералық және драмалық туындыларды 13 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Отан үшін от кешкен жауынгерлерге рух беріп, сұрапыл соғыс жылдары халыққа қолдау көрсеткен отандық әртістердің өнерін, жалпы алғанда, 22 миллион көрермен тамашалаған.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз