«Қазақконцерт» әртістері «Жас қазақ» жазғы этнолагерде өнер көрсетті
14.07.2023
«Қазақконцерт» әртістері «Жас қазақ» жазғы этнолагерде өнер көрсетті
«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері «Жас қазақ» жазғы этнолагерінің жабылу салтанатына қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас қазақ» жазғы этно лагері бірнеше апта бойы түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған ең дарынды және болашағы зор мектеп оқушыларының басын қосты. «IQanat» және «Отандастар» қоры ұйымдастырған лагерьдің мақсаты – этникалық қазақтардың балаларын тарихи отанымыздың ең көрікті жерлерінде дәстүрлі және ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтармен таныстыру, оқу, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту. Бұл орайда балаларды халық мәдениетіне баулу патриоттық тәрбиенің маңызды құралы болып саналады.
Іс-шараға қатысушыларды «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова қарсы алып, «Қазақконцерт» солистері жазғы демалыс кезінде де жұртшылықты қуантып, маңызды әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.
«Бұл лагерь өте ерекше деңгейде ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, балаларға ұлттық өнердің жауһарларымен танысу жағымды әсер қалдырғаны бізді қуантады. Балалардың музыкаға деген қызығушылығы өте жоғары, олар домбыра мен басқа да халық аспаптарын үйренуді жоспарлап отыр. «Қазақконцерттің» солистері шығармашылық жұмыстарын тоқтатпай, әлеуметтік маңызды жобаларға, соның ішінде «Жас қазақ» этно лагеріне белсенді түрде қолдау көрсетті. Бурабай шипажайында 14 күн бойы мектеп оқушылары үшін лекциялар, үйірмелер және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Олар өздерінің тарихи Отаны туралы білім алды, қазақ тілінде оқу, жазу және сөйлеу дағдыларын қамтып, сонымен қатар халқымыздың мәдениеті мен тұрмыс ерекшеліктерімен танысты», – деп әкесі Рахметолла Райымқұловқа арнап шығарған «Нар тұлға» атты кітабын балаларға сыйға тартып, ақ батасын берді.
Мерекелік кеш аясында Бурабай қаласындағы «IQanat High School of Burabay» мектебі маусымның жабылу салтанатында этникалық қазақ балаларына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Әлемнің 8 елінен келген қандас бауырларға «Қазақконцерт» әртістерінің, оның ішінде Дидар Әбдухалық пен Салтанат Меңдіғалиева ән шырқап, «Гүлдер» ансамблінің солисі Іңкәр Айдарханқызы сымбатты биімен көрерменді тәнті етті. «TURAN» ансамблінің солисі Серік Нұрмолдаевтың интерпретациясында Кетбұғаның атақты күйі «Ақсақ құлан» шырқалды. Іс-шара барысында жобаның барлық қатысушылары «Қара жорға» биін орындады.
Аталмыш іс-шара қызықты әрі ерекше өтті деуге болады. Себебі, іс-шараға қатысушы балалар музыкалық кешті қызу талқылап, ұзақ уақыт бойы жағымды әсерлерімен бөлісті.
«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері ұлттық өнерді өзге елдерде белсенді түрде насихаттап жүргенін айта кеткен жөн. Шетелде тұратын этникалық қазақтар концерттерге жиі қатысып, тарихи отанда болып жатқан оқиғаларға қызығушылықтарын танытып келеді. Дәл осындай іс-шара жақында 20-23 маусым аралығында Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері аясында Ташкент, Самарқанд және Бұхара қалаларында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметованың, Әлішер Каримовтың, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рухия Байдукенованың, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Дінисламбек Жайлаубайдың, Салтанат Меңдіғалиеваның, Дидар Әбдухалықтың, «GULDER» ансамблінің және «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі әртістерінің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 26 маусымда Бішкек қаласында халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған арнайы музыкалық кеш болып өтті.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз