X

ҚАЗАҚКОНЦЕРТ ӘРТІСТЕРІ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

26.04.2024

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері Өзбекстан Республикасы Шахрисабз қаласының 2024 жылы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы болуына орай ұйымдастырылған «Шахрисабз 2024 – ЭЫҰ туристік астанасы» атты туристік форумының халықаралық фольклорлық фестивалінде өнер көрсетеді. Осы тұрғыда, 25-27 сәуір күндері Шахрисабз қаласында ЭЫҰ елдерінің бай мәдениеті мен мұрасын паш ететін, сондай-ақ қатысушы елдер арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға арналған ауқымды туристік форум өтеді.

Форум аясында Әзірбайжан, Иран Ислам Республикасы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан және Қазақстанның фольклорлық ұжымдарының қатысуымен Халықаралық фольклорлық фестиваль өтеді.

Бірегей мәдени іс-шарада еліміздің абыройын фольклорлық музыканың танымал өкілдері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабек, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Мадияр Малдыбаев, Венера Табыс, Бауыржан Мұхаметбай сынды Қазақконцерттің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солистері асқақтатпақ.

Концерттік бағдарламада жергілікті көрерменге қазақ мәдениетін таныстырып, танымал қазақ композиторларының әндерімен қатар, халық әндері және «Балбырауын», «Бес төре», «Адай» және т.б. көпшіліктің көңілінен шыққан халық күйлері мен туындылары орындалады.

 

 

Поделиться в соц. сетях: