X

Көрісу күні – мереке мен берекенің бастауы

14.03.2022

Көрісу мерекесіне орай «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы екі қайырымдылық концерт өткізді. Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған қайырымдылық шаралар биыл қарттар мен балаларға арналды.

Алғашқы мерекелік концерт қарттарға арналған «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтті. Қазақконцерт құрамындағы «Astana Musical» мемлекеттік театры қарияларды «Сиқырлы сазды хор-концерт» атты туындымен қуантты. Хор-концерттің бағдарламасына жаңа өңдеудегі халық әндері, әлемдік хиттер мен мюзикл ариялары, ретро-композициялар, белгілі заманауи әндер енді.

Бүгінгі мерекеде балалар да назардан тыс қалған жоқ. Қазақконцерттің екінші мерекелік концерті Қ.Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатта жалғасын тапты. Әртістер арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны ұсынды. Сахнада Жеңіс Сейдуллаұлы, Гүлсім Мырзабекова, Рухия Байдүкенова, Нұрболат Арзамасұлы, Салтанат Меңдіғалиева, Ербол Тажибаев және Дидар Абдухалық өнер көрсетті.

Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты концерттік ұйымның директоры Жеңіс Сейдуллаұлы мәлімдегендей, Көрісу күнін атап өтуде үлкен мән бар.

- Еліміз үшін бұл татулық пен бірліктің мейрамы. Ежелгі дәстүрге сай, жас буынның үлкен қарияларға сәлем беріп, көрісуі – парыз. Осы игі дәстүрді жалғастырып, бүгін Қазақконцерт әртістері мейірім мен жүрек жылуына мұқтаж қарияларға ерекше сыйлық жасады. Қарт ата-әжелеріміз болса, жастарға өз батасын беріп, шынайы алғыстарын жеткізді. Көрісу, Наурыз мейрамдарын біз халық арасында асыға күтетін мерекеге айналдырғымыз келеді. Ал оны, ең алдымен, балалардан бастау керек деп ойлаймын. Сондықтан екінші концертімізді Қ.Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушылары тамашалады. Басты мақсаты – балаларға және жасөспірімдерге көрісу дәстүрінің мән-мағынасын түсіндіру, ұлттық құндылықтарды насихаттау,- деп жеткізді ұйым басшысы.

Поделиться в соц. сетях: