Халықаралық би байқауында «Қазақконцерт» әртістері ерекше көзге түсті
11.09.2023
Атырауда ҚР Халық әртісі, биші Гүлжан Талпақованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнербаян өрнегі» атты III Халықаралық байқау-фестивалінің қорытындысы шықты.
«Қазақконцерт» әртістерінің Батыс мегаполисіне сапары шынымен де жемісті болды. Байқау нәтижесі бойынша «Гүлдер» ансамблінің солисі Іңкәр Айдарханқызы екінші сыйлықтың лауреаты атағына ие болса, «Гүлдер» ансамблінің хореографы Алмат Шамшиев мыңнан жүйрік шығып, «Үздік балетмейстер» номинациясының бас жүлдесін қанжығасына байлады. Қазылар алқасы Іңкәр Айдарханқызының көз жауын алатын сахналық костюмдерін жоғары бағалап, дизайнер Әсел Лұқпановаға «Үздік костюм» марапатын табыстады.
Біз әріптестерімізді жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, өнер әлемінде есімдерінің әрқашан биікте болғанын тілейміз!
Сонымен қатар, жоба аясында «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова мен хореограф Алмат Шамшиев қазақ биі бойынша шеберлік сабағын өткізді, оған еліміздің әр өңірінен хореографтар, бишілер мен байқауға қатысушылар қатысты.
Айта кетейік, гала-концерт аясында Анвара Садықованың «Гүлжан Талпақованың Өнербаян өрнегі» кітабының тұсаукесері өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Гүлжан Талпақова - хореограф, Қазақстанның Халық әртісі, 1948 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Әйгілі биші аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің солисі және әлемнің 52 елінің сахнасында өнер көрсетті. Оның жеке репертуарынан «Айжан қыз», «Ерке бала», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», «Хорезм» сияқты ондаған ұлттық билер ұлттық хореографияның игілігіне айналды.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз