X

Қазақконцерт әртістері қайырымдылық концертін өткізді

01.03.2021

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері Алғыс айту күніне орай «Мейірімді болайықшы, бауырлар!» қайырымдылық концертін өткізіп, елорда тұрғындарына керемет тарту жасады. Көктемнің алғашқы мерекесін қайырымдылық концертінен бастаған Қазақконцерттің басты қонақтары дәрігерлер, ұстаздар мен ардагерлер болды. Мерекелік кештің ардақты қонақтарына рухани қолдау көрсету және олардың ерен еңбектері үшін алғыс білдіру мақсатымен өткізілген концерт көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Алғыс айту күні – елдің береке-бірлігін арттыратын, жақсылық пен мейірімді ұлықтайтын мереке. Қазақконцерт әртістері көктемнің алғашқы мерекесін осылайша халық бірлігін арттыра түсетін игі дәстүрден бастағанды жөн көрді. Жалпы, Алғыс айту күніне орай «Қазақконцерт» ұжымы қайырымдылық бағыттағы іс-шаралар кешенін жүзеге асырды. Ұйымның жас әртістері әрдайым халық игілігі үшін тынбай жұмыс істейтін жедел жәрдем қызметкерлері, тәртіп сақшылары, өрт сөндірушілер мен коммуналдық қызмет өкілдеріне ыстық тамақ пен шай таратып, қолдау көрсетті. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы түрлі құттықтауларды жолдап, көрермен көңіліне көктем шуағын ұялатты. Ал «Мейірімді болайықшы, бауырлар!» концерті осы қайырымдылық бастаманы қорытындылады»,- деп жеткізді Қазақконцерт басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы.


Мерекелік концертте «Қазақконцерт» ұйымының өнер ұжымдары мен белгілі әншілері өнер көрсетті. Көрермен қауым «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің, Құрмаш Махан, Гүлнәр Көшенова, Күнсұлу Түрікпен, Ардақ Елеусіз, Айдана Қаржаубаева, Аяулым Қамажан, Нұркен Якиев, Алихан Дүйсенбай сынды әншілердің өнерін тамашалай алды. Концерт бағдарламасына белгілі халық әндері мен қазіргі танымал музыкалық туындылар енген.

Поделиться в соц. сетях: