X

 «АРМАН АСУЛАРЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ

28.11.2022

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы, бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз. Бала тәрбиесі – елдің жарқын болашағының кепілі» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы мемлекет басшысы өз жолдауларында да үнемі айтып жүр. Осыған байланысты қазіргі қоғам алдында жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін анықтау және одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

«АРМАН АСУЛАРЫ» пилоттық жобаның негізгі міндеті – Қазақстанның барлық аймақтарынан ерекше қажеттіліктері бар балалар арасындағы таланттыларды анықтау, шығармашылық қабілеттерін арттыру, дамытуға қажетті жағдай жасау және қолдау көрсету.

«АРМАН АСУЛАРЫ» жобасында дарынды балалар «Би өнері», «Вокалдық өнер», «Аспапта орындау», «Әнді ым-ишарамен орындау», «Ұлттық киім дизайны» жанрлары бойынша өнер көрсетті.

Гала-концерттің ерекшелігі – балалардың кәсіби әртістермен және шығармашылық ұжымдармен ынтымақтастығы болып табылды. Концерттік бағдарламада танымал өнер жұлдыздары мен «Қазақконцерттің» солистері өнер көрсетті. Атап айтатын болсақ, Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмәдиев, Рухия Байдукенова, Дидар Әбдухалық, Гүлдана Акимова (флейта), «Меломен» тобы, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Forte Trio» және «Saz&Soul» шығармашылық топтары көрерменнің көзаймына айналды.   

Кеш қонақтары: Орта Азиядағы ең алғашқы «Қанаттылар» инклюзивті театры (жетекші Арнұр Искаков), Алтыншаш Мұқатаева (2022 Сочи байқауының жеңімпазы, халықаралық байқаулардың лауреаты) және жас әнші Севда болды.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Орталық концерт залының фойесінде фестивальге қатысушы балалардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларын қойды.

Гала-концертте Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Шымкент қаласынан, сондай-ақ, Астана қаласындағы BINOM SCHOOL мен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қамсыздандыру орталығынан 150-ге жуық дарынды балалар өнер көрсетті. Фестиваль қатысушыларының арасында халықаралық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы байқауының, сондай-ақ республикалық, облыстық балалар байқаулары және өнер фестивалдерінің жеңімпаздары мен лауреаттары болды.

 «АРМАН АСУЛАРЫ» пилоттық жобасының серіктестері: Республикалық маңызы бар қала және облыс әкімдіктері, «BI Group» инновациялық құрылыс холдингі,  «BI Жұлдызай» Корпоративтік Қоры, BINOM SCHOOL, «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қамсыздандыру орталығы және «Gentelmen’s Club» жекеменшік қайырымдылық қоры.

 

Фестиваль бағдарламасы бойынша:

2022 жылғы 12 қарашада

12:00 - «Паралимпиец» фильмінің көрсетілімі

14:00 - «АРМАН АСУЛАРЫ»  жобасына арналған баспасөз мәслихаты

14:40 - BINOM SCHOOL мен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қамсыздандыру орталығы балаларының сәндік-қолданбалы өнер және сурет көрмесінің ашылуы

15:00 - «АРМАН АСУЛАРЫ» пилоттық жобасының Гала-концерті өтті.

 

Поделиться в соц. сетях: