X

«TURAN» ансамблі Түркиядағы гастрольдік сапарларын аяқтады

21.10.2023

Анкара, Сивас, Қайсері, Конья, Денизли, Ескішехир және Трабзон және басқа қалаларында өткен «Turan» қазақстандық этно-фольклорлық ансамблінің концерттерін тамашалауға келген көрермендердің қарасы қалың болды.

Әлемге аты мәшһүр «TURAN» ансамблінің 15 жылдығына орай ұйымдастырылған гастрольдік тур Түркия Республикасының 100 жылдығына арналған керемет қойылымнан басталды. Бауырлас елдегі әйгілі ақын және музыкант Ашик Вейсель жылы мерекесімен тұспа-тұс келген ансамбль сапарында қазақстандық әртістер жергілікті фольклорлық музыка тыңдармандарын таң қалдырған үздік туындыларын тарту етті. Кең дала кеңістігін жырлайтын лирикалық әуендер көпшіліктің ерекше сұранысына ие болды. Ұлттық мәдениетті, рухани құндылықтары мен дәстүрлерін сақтауға деген ортақ ниет біріктіретін түркі халқы виртуоздарға деген таңданыстарын жасыра алмады.

Гастрольдік концерттер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және демеушілердің қолдауымен өтіп, қайырымдылық негізінде болды. Ескішехирде билет сатудан түскен қаражат жер сілкінісінен зардап шеккендерге арнайы көмек ретінде аударылды. Сонымен қатар, музыканттар жанкүйерлермен жүздесіп, әлемге танылған шығыс қонақжайлылығына тәнті болды. Әртістер мұндай жылы қабылдау жаңа жетістіктерге шабыттандырып, ынталандыратындарын тілге тиек етті.

 

«Түрік бауырларымыз бен сол жақтағы қазақ қандастарымыздың ықыласы, түркілік мәдениетімізге, қазақ өнеріне деген құрметі ерекше сезім берді, қанаттандырды. Ұлттық фольклорлық музыкамыздың осындай деңгейге жетіп, өз жанкүйерлеріне ие болуы, концерт билеттерінің жарты күнде сатылып кетуі, орын жетпей халықтың жерде отырып тамашалауы, дәстүрлі өнер өкілдерімен ұзын-сонар кезекке тұрып, суретке таласа түсуі бізді таң қалдырды, қуантты. Сонымен қатар, Түркиенің БАҚ, әлеуметтік желілері турнеміз туралы жарыса жазуда. Осы орайда, концерттеріміздің негізгі  ұйымдастырушысы Ony yapim компаниясына, продюсері Осман Нури Язычиге, Леонида Тимушқа, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына, Түркия қалаларының әкімдіктеріне және концерт залдарының басшылықтарына, сондай-ақ атсалысқан барша бауырларымызға шексіз алғысымызды білдіреміз» - делінген ансамбльдің Instagram парақшасында.

Поделиться в соц. сетях: