X

«ГҮЛДЕР» АНСАМБЛІ «ӨРЛЕУ» VI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСТЫ

10.04.2024

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблі хореографиялық оқу орындарының «Өрлеу» VI Халықаралық фестивалінің «Балет жұлдыздары» Гала-концертіне қатысты. Биыл фестиваль Қазақстанның бірінші балет мектебінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.

«Гүлдер» ансамблінің әртістері Қазақстанның хореографиялық өнерінің жұлдыздарымен, училищенің әр жылдардағы түлектері мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Astana Ballet» театры, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры, «Самұрық» заманауи би театры, Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Наз» мемлекеттік би және т. б. театрлардың  жетекші әртістерімен бір сахнада өнер көрсетті.

«А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі -Қазақстанның алғашқы кәсіби балет мектебі. Сондықтан бас балетмейстер ретінде біздің ансамбльдің хореографиялық өнер әлеміндегі атаулы тарихи оқиғаның куәсі болып қана қоймай, оған қатыса отырып, өнерлерін жоғары дәрежеде көрсете алғандары үшін қуаныштымын. Әртістеріміздің таланты мен репертуарымызды жоғары бағалаған қонақтардың, ұйымдастырушылардың пікірін құрметтеймін», - деді «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова.

Фестиваль аясында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Таир Қаратаевқа, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықоваға «Өрлеу» фестивалін өткізуге қатысқаны және қосқан үлесі үшін диплом мен алғыс хат табыс етті.

«90 жылдығына орай мектеп «TURAN» фольклорлық – этнографиялық ансамблінің музыкасына қойылған, биыл сахналанғанына 7 жыл толған «Тұран дала-Қыран дала» балетінің қойылымын ұсынды. Өзім қойған осы балет қойылымының А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің бойтұмарына айналғаны туралы пікірлер естіп жатамын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе және қуаныш», - деп қосты Анвара Ариповна.

Айта кету керек, бұл фестивальге болашақ балет әртістерін дайындайтын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Башқұртстан, Бурятия, Якутияның хореографиялық оқу орындары қатысты. Фестиваль аясында көрнекті хореографтардың шеберлік сыныптары, дөңгелек үстел және форум өтті. «Өрлеу» фестивалі байқау ЮНЕСКО қамқорлығымен өтетін балет байқауларының Халықаралық Федерациясының мүшесі мәртебесіне ие болды.

Поделиться в соц. сетях: