X

Ақтоты Райымқұлова Қазақконцертке басшы болып тағайындалды

06.04.2022

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры болып Ақтоты Райымқұлова  тағайындалды, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

 

Жаңадан тағайындалған басшыны ұжымға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев таныстырды.

Ақтоты Райымқұлова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы. 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандығы бойынша аяқтады. Халықаралық бизнес академиясында білім алып, DBA (Doctor of Business Administration) дәрежесін алған.

Түрлі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор болып еңбек етті.

2014-2016 жылдар аралығында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2016 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі, 2019-2022 жж. аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметтерін атқарды.

Бұған қоса, Ақтоты Райымқұлова ғылыми еңбектердің авторы, көптеген музыкалық шығармалардың, көркем фильмдерге арналған саундтректердің композиторы болып табылады.

Еске салсақ, Қазақконцерт – еліміздегі ең ірі концерттік ұйымдардың бірі. 60 жылдық тарихы бар бұл ұйым 2016 жылдан бері Қазақконцерт өз жұмысын елордада жалғастырып келеді. Ұйым «Қазақстан» орталық концерт залында орналасқан. Концерттік мекеменің Алматы қаласында филиалы бар. 2021 жылы ұйымға КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді. «Қазақконцерт» ұйымында еліміздің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары бас қосқан. Қазақконцертте барлық музыкалық өнердің жанрлары ұсынылған: фольклор, классика, эстрада, мюзикл театры. Шығармашылық құрамға «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Форте трио» мемлекеттік триосы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Astana Musical» мемлекеттік театры, "Классикалық өнер" бөлімі, "Халық қазынасы" өнер ұжымы, «Saz&soul» вокалдық-аспаптық ансамблі, елімізге және әлемге танымал эстрадалық әншілер мен топтар кіреді. Қазақконцерт республикалық және халықаралық жобаларды жүзеге асырып, белсенді гастрольдік қызмет жүргізуде.

Поделиться в соц. сетях: