X

Бүгін 1000 бала тегін кино көрді

01.06.2022

Бүгін Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Жазғы кино» жобасын бастады. Балалар жылы аясындағы әлеуметтік жобаның салтанатты ашылуы 1-маусым күні «Қазақстан» орталық концерт залында өтті.

Жоба аясында көрсетілген алғашқы фильм – атақты «Менің атым – Қожа» туындысы. Киноны тамашалауға 1000 астам бүлдіршін жиналды. Жаңа жобаның салтанатты ашылуына кинодағы басты рөлдерді сомдаған әртістер Нұрлан Санжар мен Гүлнар Құрабаева, кино режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы – режиссер Тоқтар Қарсақбаев, «Менің атым – Қожа» повесін жазған әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева арнайы келді.

Өнер қайраткерлері жылы лебіздерін білдіріп, балалардың сұрақтарына жауап берді. Іс-шараға келген кішкентай көрермендер "Astana Musical" мемлекеттік театры ұсынған мерекелік концертті тамашалады. Әртістер ұсынған "Сиқырлы сазды хор-концерт" қойылымының үзінділері кішкентай көрермендерді тәнті етті.

Бұған қоса, еліміздегі ең үлкен концерттік зал – «Қазақстан» орталық концерт залы бойынша жасалған экскурсияға қатысты. Балаларды өнерге баулу мақсатында бұл күні сурет өнері мен гиперреалистік мүсін жасау бағыты бойынша белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гульмира Телғозиева мен танымал мүсінші Айдос Есмағамбетов шеберлік кластар өткізді.

Іс-шара аясында жас суретші Мейірім Шымырбектің «Ғажап әлемі» атты ерекше көрмесі ұсынылып, қонақтар жас автордың үздік туындыларын тамашалады.

 «Өскелең ұрпақ – біздің болашағымыз. Сондықтан бүлдіршіндердің тәлім-тәрбиесіне, рухани біліміне баса мән беріп, бар жақсылығымызды балаларға арнауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз деп атап өткен болатын. Біз де осы үндеуге өз үлесімізді қосып, осындай үлкен жобаны қолға алдық. Жобаның басты мақсаты – балаларға өнердің үздік туындыларын қолжетімді ету, олардың бойына мәдени құндылықтарды сіңіру және адамгершілік және рухани тұрғыда дамуына оң ықпалын тигізу. Бұдан бөлек, балаларға арналған іс-шаралар алдағы уақытта Қазақконцерт ұсынатын «Балалар филармониясы» деген жаңа форматтағы жобаға ұласады», - деп жеткізді өз сөзінде Қазақконцерт басшысы Ақтоты Райымқұлова.

Алдағы уақытта балаларға «Күлтегін», «Айдаһар», «Мұзбалақ», «Ер Төстік», «Кенже қыз» мультфильмдері мен «Менің атым – Қожа», «Паралимпиец», «Время патриотов», «Боксер», «Каникулы оффлайн» т.б. отандық көркем, тарихи кинофильмдер сынды озық туындылар көрсетіледі.  «Жазғы кино» жобасы аясында тегін көрсетілімге келу үшін +7708 888 1991 номеріне хабарласып, алдын ала жазылу керек. Сондай-ақ қосымша ақпаратты ұйымның әлеуметтік желілерінен білуге болады.

Жоба «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ бірлесіп, Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Басты назарда - көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері. Жоба жаз бойы жалғасады.

 

 

 

Поделиться в соц. сетях: