ТОҚЫЛДАҚ – үні ерекше, жаңғырып шығатын, ұрмалы музыкалық аспап. Бір көлемді ғана емес, пайдалану мақсатына қарай аспап әр түрлі көлемде пішінін сақтай отырып, берік, қатты ағаштардан жасалады.
Тоқылдақ өзінің ерекше үнімен көптеген күйлердің, ән-жырлардың сүйемелшісі болды. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Отырар сазы» оркестріндегі «Ата толғауы» атты күй осы тоқылдақ аспабының жаңғырығымен басталып, ары қарай орындалып кетеді.
Аспаптың жасалу технологиясы: Тоқылдақ аспабының жасалуы аса қиын емес. Ағаштан бір жақ беті ойылған аспаптың бастапқы қалпында сырты түгел тегістеледі. Содан соң аспапты кептіріп қояды. Кепкен сайын аспаптың үні артып, жаңғырығы күшейе түседі. Аспаптың ұрып ойнайтын арнайы таяқшасы болады. Арнайы ойығы да бар. Алақанмен немесе саусақтың ұшымен сол ойықты ашып немесе жауып аспаптың үнін сан құбылтып, әсерлендіріп, жаңғырығын еселей түсуге болады. Аспапты тұтас ағаштан ойып, жоғарғы жағын доғалдау пішінмен жасайды. Тоқылдақтың ернеуі жұқа болған сайын дауысы екпінді, күшті болады. Тоқылдақ аспабын кез келген ағаштан жасай бермейді. Шеберлер арнайы ағашты тұтас жона отырып, дауысын анықтай келе аспапты талғампаздықпен жасайды