Сыбызғы аспабы ертеден қазақ халқының қайғысы мен қуанышын бөліскен жан серігі болғаны. Сыбызғы арқылы қазақ халқы өзінің арманын, мұң-мүддесін, сан-қилы өмір жолында болған оқиғаларын, наразылығын, биікке құлаш ұшқан қиялдарын, өмірге деген сүйіспеншілігін күй қылып тартып ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып асыл мұра ретінде қалдырып отырған. Сондай-ақ, сыбызғы бақташылардың ең сүйікті аспабы болған.
Сыбызғы көшпенді ел өміріне байланысты, негізінен қурайдан және ағаштан ойып жасалған. Сыбызғының дыбыстық бояуы кең, үні жұмсақ, құбылмалы дыбыстары мол, жағымды қоңыр үнді. Аспапты жасауға қара қурай, сары қурай және өгіз қурай деп аталатын қурайлар пайданылған. Қара қурай – биік таудың теріскейінде, сары қурай – Алтай, Тянь-Шань сықылды таулардың теріскей бетінде, бұғы жүретін мекендерде өседі. Бұлардан басқа, уық жасайтын бұтақсыз талды кептіріп, ортасын қақ жарып, ішіндегі өзегін ойып алып, қайта қиюластыру арқылы да жасалған.
Аспаптың жасалу технологиясы:Аспапты жасау көп уақыт алмайды: тәжірибелі шебер 10–15 минутта жасап алады. Бұл үшін ұзындығы 500–700 мм, қурай кесіп алынады, оның үш-төрт жерін тесіп ояды. Бірінші ойық түтіктің ұшынан алақанның еніндей жерден ойылады. Келесі ойықтың аралығы одан гөрі тарлау алынады, яғни бір-бірінен төрт елі қашықтықта болады. Алайда мұндай өлшем дыбыстын, анық шығуына жеткізбейді, сондықтан күйші ойнаған кезде дыбыстың тазалығын ерінді қимылдату арқылы реттеп отырған. Қурайдан немесе ағаштан жасалған. Ауа толқыны жақсырақ таралу үшін түтіктің кең үшын сүйірлеген. Даусы жақсы шығатын болуы үшін ойнар алдында сыбызғының ішін сулайды.
Сыбызғы аспабы жайлы аңыз: Сыбызғы тектес үрмелі аспаптардың көпшілігі қурайдан, қамыстан жасалатыны жайында түркі тілдес халықтардың аңыз-ертегілерінен көп кездестіруге болады. Мысалы, қазақтың сыбызғысы, башқұрттың қурайы, түркіменнің түйдігі сияқты аспаптарының пайда болуы жөнінде ортақ аңыз болуын Ескендір патшамен байланыстырып, былай деп сыр шертеді:
Әйгілі Ескендір патшаның басында қос мүйізі болса керек. Бірақ мұңы тірі жан білмейді екен. Себебі шашын алдырған адамның басын шаптырып тастап отырыпты. Мұның мәнісі, Ескендірдің түсінде «Егер шашыңды алушыдан басқа адам мүйізіңнің бар екенін білсе сол күні жарық дүниемен қоштасасың деп» – деп аян беріпті дейді. Осыдан кейін-ақ сақтық жасап, шашын алған адамның басын кесе берген деседі. Осылайша Ескендірдің төңірегінде қолының ебі барлары сирейді. Бір күні шаш алу кезегі патшаның жақсы көретін жақынының баласына келіпті. Сонда Ескендір сол жақынның баласына шашын алдыратын болғаннан кейін, уәзірлеріне: «Мына баланы йен далаға көзін байлап апарып тастаңдар, ит-құсқа жем болып немесе йен далада адасып өлсін» депті. Уәзірлер айтқан бұйрықты бұлжытпай орындап, сол күні-ақ баланың көзін байлап йен далаға апарып тастапты. Бала йен далада жол таба алмай қаңғырып жүргеніне біраз уақыт өтіпті. Күндердің күнінде баланың құлағына алыстан үзіліп-үзіліп шыққан дыбыс естіліпті. Дыбыс шыққан жаққа келсе судың жағасында өсіп тұрған қурайды өсімдік құрты тесіп кетіпті. Сол қурайдың тесігіне жел соғып үрлеген сайын, үзіліп-үзіліп қурайдың дыбысы шығып тұр екен. Бала қурайды кесіп алып өзі үрлеп қараса, одан да сазды әдемі әуен шығыпты. Қурайдан сыбызғы жасап алып сазды әуендерін тартып, елін-жерін іздеп жүрген баланы, аңшылар сыбызғының даусын естіп келіп тауып алыпты. Аңшылар баланы аман-есен еліне алып барып, бала басынан өткен хикаяны халыққа жариялап айтып беріпті. Құпиясы жария болған Ескендір жарық дүниемен сол күні қоштасыпты, баланың сыбызғымен тартқан сазы төрткүл дүниеге күй болып тарапты.