X
САЗСЫРНАЙ
САЗСЫРНАЙ
үрмелі музыка аспаптар тобындағы сыбызғыдан кейінгі халық ішінде кең тараған, қолданыста бар музыкалық аспап.

Фото

Aспап туралы
САЗСЫРНАЙ – үрмелі музыка аспаптар тобындағы сыбызғыдан кейінгі халық ішінде кең тараған, қолданыста бар музыкалық аспап. Оңтүстік Қазақстан, Темір станциясының тарих пәнінің мұғалімі Асантай Әлімовтің оқушылармен болған экспедициясының қазба жұмысында көптеген құмыралар, мыс құмандармен бірге көлемі құстың жұмыртқасындай іші қуыс, қос ойығы бар қыштан жасалған аспап та тауып алады. Табылған дүниені жергілікті жердің көнекөз қарияларына көрсеткенде мұның саздан жасалған музыкалық аспап – сазсырнай екендігі айқындалды. Кейін бұл аспап музыка зерттеуші-ғалым Болат Сарыбаевтың қолына тиеді. Бұл аспаптың дыбыс қатарын, құрылысын, жасалу әдіс-тәсілін Б. Сарыбаев, Қ. Қарабдалов секілді зерттеуші-ғалымдар анықтады. Халқымыздың жекелеген көне саз аспаптарының сахнаға қайта оралу жолы бұралаң болып, ұзақ уақыт музыка мамандарының назарынан тыс қалып келді. Үрлеп ойналатын аспаптар тобының ішінде дыбыстық сапасының әуезділігі, қоюлығы және құлаққа жағымдылығымен тыңдаушысына берер әсері мол көне сазсырнай аспабы фольклорлық аспаптар ішіндегі өзіндік орны бар көне аспаптар ішіндегі жетілген түрі. Осы күндері академиялық халық аспапты оркестрінен бастап, көптеген ансамбльдерде қолданылып жүр. Сазсырнай үні жалғыз-аяқ орындалудан толыққанды терең үнге ауысып, қою да мағыналы бояуымен өзге аспаптармен жарасымды үйлесімділік тапты. Аспаптың жасалу технологиясы: Қазіргі кезде оның 5-6 жерден дыбыс ойықтары салынып, шеңбер аумағы 15-16 см, жалпы ұзындығы 10-12 см етіп дамыта жасалған нұсқалары орындаушылар арасында сұранысқа ие. Аспап сапалы саздан әбден иі қандырып иленген соң белгілі бір қалыпқа келтіріп кептіреді. Кейін белгілі температурада қыздырылған пешке салып күйдіріледі. Қазіргі кезде шеберлер оның сыртына ою-өрнек салып, сілтілік металдар ерітіндісі (глазурь) жағып жасайды.

Поделиться в соц. сетях: