ДАУЫЛПАЗ – қазақтың ұрып ойналатын көне саз аспабы. Ертеректе бұл аспап соғыс құралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданған. Бертін келе дауылпазды аңшылық пен құсбегілікке де пайдаланатын болған.
Аспаптың жасалу технологиясы: Дауылпаз – қазақ ұрмалы аспаптарының қатарына кіреді. Оны ұрып қана қолданғандықтан, кез келген күшке шыдас беру үшін тұрпаты қатты үйеңкі, қарағай, қайың секілді ағаштардан тұтас ойып жасаған.
Дауылпаздың жасалу әдісі күрделі. Дауылпаздың шапаты – өзегі алынған сырты жұмыр бітеу ағаштан ойып жасалған. Беті әбден иленіп, кеңкей шыңылтыр терімен қапталады. Жайға байлап немесе мойынға, иыққа іліп алып жүруге арналған аспалы бауы мен ұрып ойнайтын шағын таяқшасы болады. Дауылпаздың шанағының сыртын мүйізбен, түрлі тастармен, ою-өрнекпен безендіріп, сәндеп жасайды. Аспапты ұлттық ойындарымыз «қыз қуу», «арқан тарту», «қазақша күрес» т.б. ойындарымыздың басталғаны мен аяқталғанын аңғарту үшін де дабыл орнына пайдаланған.