X
«GULDER» ансамблінің балет труппасы
«GULDER» ансамблінің балет труппасы

ұлттық би өнері мен заманауи хореографияны ұштастыратын шығармашылық ұжым

Толығырақ

Фото

Әртіс туралы

2022 жылдың тамыз айында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында аңызға айналған қазақстандық шығармашылық ұжым – «ГҮЛДЕР» ансамблін қайта жаңғырту жобасы бастау алды.

Қазақ өнерінің жауһары – «ГҮЛДЕР» ансамблі 1968 жылы құрылды. Ұжымның алғашқы жетекшісі Қазақстан Республикасының Халық әртісі Гүлжихан Ғалиева болды. Жаңадан құрылған ансамбльдің тұсаукесері 1969 жылдың 29 қазанында өтті.

Аңызға айналған ансамбль қысқа уақыт ішінде үлкен танымалдыққа ие болып, қазақ эстрадасының мақтанышына айналды. Ұжым көптеген шет мемлекеттерде қазақ мәдениетін лайықты деңгейде таныстырды.

Ансамбль құрамында Қазақстанның танымал өнер майталмандары Сара Тыныштықұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нұркенова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Гүлнар Сиқымбаева, Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер және басқа да өнер иелері шығармашылық жолын бастады.

«ГҮЛДЕР» ансамблін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында шығармашылық оқу орындарының түлектері арасынан ансамбльдің би және аспаптық топтарына іріктеу жүргізілді.

Ансамбльдің бас балетмейстері – Анвара САДЫҚОВА.

Дайындық кезеңінде «ГҮЛДЕР» ансамблінің шығармашылық мұрағат материалдары жан-жақты зерттеліп, ұжымның «алтын қорына» енген үздік нөмірлерді қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар түрлі жанрдағы жаңа музыкалық-хореографиялық қойылымдар дайындалып, барлық жастағы көрерменге арналған жаңа форматтағы бағдарламалар жасақталды.

2023 жылғы 1 наурызда «QAZAQSTAN» орталық концерт залында «ГҮЛДЕР» ансамблінің жаңартылған құрамының тұсаукесер концерті өтті.

Кешке қазақстандық эстраданың мэтрі, ансамбльдің алғашқы солистерінің бірі, аңызға айналған әнші Роза РЫМБАЕВА, жас вокалистер Мәди СЫЗДЫҚОВ, Зарина БОЖАКОВА, Дидар ӘБДУХАЛЫҚ, Салтанат МЕНДІҒАЛИЕВА, «TURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Steppe Sons» alternative-folk тобы қатысты.

Поделиться в соц. сетях: