НАРҚОБЫЗ – қазақ халқының көне ішекті-ыспалы музыкалық аспабы. Қобыз қайың, арша сияқты ағаштардың тұтас бөлігінен шауып жасалады. Бас, мойын, шанақ (кеуде) деген үш бөліктен тұрады. Төменгі бөлік терімен қапталып, оған тиек қойылады. Екі ішегі жылқы қылынан тартылады. Аспап мүмкіндігі зор, әрқилы дауысты, оның ішінде табиғи дыбыстарды айнытпай шығарады.
Қобыз аспабы жайлы аңыз: Қорқыттың қобыз аспабын ойлап табуы жөнінде мынадай аңыз бар: «Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай қалай., не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» – деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасап, қобызды қолына алған кезде, аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң – бәрі тоқтай қалып, құлақ түре тыңдапты».