Жеті елдің өнерін бір сахнаға тоғыстырған «ALEM SAZ» II халықаралық музыка фестивалі өз мәресіне жетті
04.10.2023
Бұл жоба биыл да білгенінен танбай, арнайы шақырылған шетелдік қонақтардың қойылымдары мен шеберлік сабақтары, түрлі елдердің сәндік-қолданбалы өнер мен гастрономиялық көрмелері және кино көрсетілімдерімен ерекшеленіп, бір апта бойы көрермен қауымның көңілін «Қазақконцерт» сахнасына аударды. 27 қыркүйек пен 3 қазан күндері аралығында Түркия, Жапония, Венгрия, Германия, Пәкістан, Испания, Ресей және Қазақстанның үздік әртістері өнерлерін көрсетіп, қазақ жұртшылығын елдерінің мәдениетімен жақын таныстыра түсті. Жанды дауыс, озық коллаборация, сахнаның безендірілуі талғампаз көрерменді таңдандырып, әр түрлі ұлттық өнер түрлерінің ынтымақтастығы бүкіл аудиторияны шабыттандырып, өнердің шекарасы болмайтынына тағы бір куә қылды.
Фестивальдің алғашқы күнінің қонақтары испандық музыкант-пианист Гито Малето мен гитарист Амос Лора елордамыздан алған әсерлерімен бөлісті:
«Біз қазақстандықтарға фламенконың джаз және латын элементтері бар шығармаларын ұсынбақшымыз. Бұл - өзіміздің туындыларымызбен араласқан микс, осындай шараға куә болғанымызға қуаныштымыз, өте әдемі зал және таңғажайып қала. Мен қаланың архитектурасына, қаладағы араласқан стильдерге тамсанып, жылы қабылдауларыңызға қуандым. Маған қазақ домбырасының дауысы өте ұнайды, қазақтың ұлттық аспаптарымен жақынырақ танысқым келеді», - деді пианист Амос Лора.
Фестивальдің екінші күні Ресей халықтарының күнінде «Вайнах» шешен би ансамблінің әртістері «Под небом вайнахов» атты хореографиялық қойылымын ұсынды. Олармен бірге «Зазан» кавказ би мектебінің (Астана, Қазақстан) және «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблінің (Астана, Қазақстан) бишілері астаналық көрерменге өз өнерлерін паш етті. «Вайнах» шешен би ансамблінің көркемдік жетекшісі Рамзан Ахмадов қазақтардың Кавказ халқына рухы мен сенімі жағынан өте жақын екенін атап өтті.
Үшінші күні Түркия елінің мәдениетіне куә болдық. Бұл кеште «Thrace Quartet» атты Түркияның танымал шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Аталған топ - дәстүрлі этникалық әуендер мен ритмдерді заманауи джаз элементтерімен шебер үйлестірген квартет. Жетекшілері - кларнетші Серкан Чагры және пианист Тулуг Тырпан. Түрік ағайындар жаңа үлгідегі ұлттық костюмдер топтамасымен «Анадолы коллекциясы және Бейоғлу даму институтының 60-жылдығына арналған коллекциясы» сән көрсетілімін ұйымдастырып, келушілерге дәмді шығыс тәттілері ұсынды.
Жапония күніне арналған музыкалық кеште танымал жапондық скрипкашы Маюко Кацумура мен гобойшы Миямура Кадзухиро Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен көпшілікке жапондық және Қазақстан композиторларының танымал шығармаларын тарту етті. Күншығыс елінен келген Маюко Кацумура Ғазиза Жұбанованың шығармашылығындағы «Скрипка мен оркестрге арналған №1 концертін» орындау арқылы қазақ өнеріне жақындай түсуіне көмектескенін атап өтті.
Музыка фестивалінің ендігі қонақтары – Мажарстан мен Пәкістан әртістері. Танымал мажарстандық пианист-композитор Каэль Норберт классикалық шығармаларды айрықша орындауымен ерекшеленеді. Мажарстанның жетекші барабаншысы, өз елінде джаз байқауының бірінші жүлде иегері Андраш Лакатос пен әлемдегі беделді джаз фестивальдерінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген контрабасшы Питер Олахтың өнерлері көпшілікті таңғалдырды. Содан кейін сахнада Пәкістанның жетекші әртістері Розмари Муштак пен Джабар Аббас түрлі шығыс әуендерін шырқап, көрермендерді биге шақырып, есте қалар көңіл күй сыйлады.
Фестивальдің қорытынды күні сахнаға шыққан әйгілі неміс виртуоз пианистері Штефан Ве мен Марсель Дорнның шоуы алғашқы минуттардан бастап елордалық көрермендерді баурап алды. Pianotainment фортепиано дуэтінің қойылымы көрермендер залында дүрбелең тудырды. Әртістердің айтуынша, аталмыш ауқымды фестивальді қорытындылау – әртіс үшін үлкен мәртебе.
«Екеуміз де музыкалық аспапта 4-5 жасымыздан бастап ойнаймыз. Біздің дуэтті құру идеясы әскери қызметте болған кезде пайда болды, ол кезде біз небәрі 18-19 жаста едік. Бізді музыкалық өнерге, самба, босса-нова сынды мүлде басқа музыкалық стильдерді тамаша үйлестіруге болатын виртуоздық фортепиано ойынына деген ортақ сүйіспеншілігіміз біріктіргенін түсіндік. Содан бері бірге өнер көрсете бастадық және дуэтімізді Pianotainment деп атадық, өйткені біздің ойын - бұл фортепиано мен ойын- сауықтың жарқын үйлесімі», - деп түсіндірді пианист Штефан Ве.
Жобаның ауқымы кеңейіп жатқаны қуантарлық жайт, концерттік бағдарламада музыка мен бидің сан алуан жанрлары, соның ішінде кавказдық лезгинка мен испандық фламенконың сахнада салтанат құруы - соған дәлел. Мәдениет - халықтарды біріктіріп, өткені мен бүгінін байланыстыратын, ғасырлар бойғы достықты нығайтатын алып күш екені баршамызға аян. Осы орайда, жобаның болашағы ұзақ әрі жарқын болады деп үміттенеміз. «ALEM SAZ» III халықаралық музыка фестивалінде жолыққанша!
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз