X

Қазақстанда өнер саласында ұлттық сыйлық пайда болды

27.09.2022

«Астана Операда» үздік кәсіби жетістіктері мен елеулі шығармашылық табыстары үшін жекелеген өнер қайраткерлері мен ұжымдарды қолдауға бағытталған байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. 2022 жылдың жеңімпаздарын марапаттау салтанатты жағдайда 23 желтоқсанда «Астана Операның» Үлкен залында өтеді.

Өтінімдерді қабылдау байқауға қатысушылардың барлық қажетті құжаттарын театрдың ресми сайтында көрсетілген поштаға жинау арқылы жүзеге асырылады. «Umai» сыйлығы төрт негізгі аталымда ұсынылды: «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер», олардың әрқайсысында өз сыйлықтары анықталған.

«Театр өнері» аталымына жеті жеке сыйлық енді: «Опера өнері» (операдағы ер және әйел партиясы үшін), «Актёрлік шеберлік» (драмалық немесе музыкалық-драмалық спектакльдер: оперетта, мюзикл, рок-опера, музыкалық комедиядағы ер және әйел рөлдері үшін), «Төлтума режиссура», «Спектакльдің бірегей көркемдік безендірілуі», «Үздік музыкалық-драмалық спектакль». 

Тағы 3 сыйлықты «Музыкалық-орындаушылық өнер» аталымындағы жеңімпаздар алады: «Үздік дәстүрлі орындаушы (ән айту)», «Үздік дәстүрлі орындаушы (аспапшы)», «Үздік музыкалық ансамбль (классикалық/халық)». 

«Хореографиялық өнер» аталымында бес ақшалай жүлде анықталды. Олар келесі аталымдарда беріледі: «Үздік би ұжымы» (халық, заманауи және эстрадалық би ансамблі), «Балеттегі үздік орындаушы» (ер/әйел балет солисі), «Үздік хореограф», «Үздік балет спектаклі».

«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» аталымы «Үздік сәндік-қолданбалы өнер туындысы» үшін сыйлық алатын қолөнер шеберлеріне арналған, ал «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» аталымының екі сыйлығына көркем суретші-графика өкілінің жұмысы, сондай-ақ заманауи өнердегі (перфоманстар, инсталяциялар, арт-нысандар және т.б.) жоба ие болады.

Бұдан бөлек, «Umai-2022» сыйлығы аясында Қазақстандағы Балалар жылына орайластырылған «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы сыйлығы бәйгеге тігілді.

– Байқаудың басты мақсаты отандық мәдениет пен өнердің көрнекті өкілдерінің шығармашылық жетістіктерін дамыту және дәріптеу болып табылады, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Оның қорытындысынан біз жаңа шығармашыл тұлғалардың есімдері, отандық мәдениет пен өнерді дамытудың жаңашыл үрдісінің пайда болуын күтеміз. Сондай-ақ сыйлық Қазақстанның театр, музыка, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы үздік дәстүрлерді арттыру және сақтауға мүмкіндік туғызуға, шеберліктерін ынталандыруға, сонымен қатар Қазақстанның көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері мен еліміздегі жасампаз жобаларға жұртшылықтың, оның ішінде халықаралық мәдени қауымдастықтың назарын аудартуға бағытталған.

2022 жылы ұжымдармен қатар, орындаушылар да екі театрлық (концерттік) маусым: 2020 жылдың қыркүйегі – 2021 жылдың шілдесі, 2021 жылдың қыркүйегі – 2022 жылдың шілдесінде атқарған жұмыстары үшін сыйлықтың номинанттары бола алады.

Айта кету керек, іріктеуді өткізетін ұйымдастыру комитеті мен сараптау комиссиясының құрамы әлдеқашан анықталды. Оған өнер салаларындағы танымал тұлғалар енді, олардың алдында үздіктің арасынан ең үздігін таңдау міндеті тұр. Байқауға өтінімдерді қабылдау 9 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сыйлықты алуға Қазақстан Республикасының халықаралық және республикалық байқаулардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары болып табылатын азаматтары, сондай-ақ қызметтері Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытуға ықпал ететін және инновациялық саналатын кандидаттар үміттене алады. Номинанттарды ұсынуды республикалық, өңірлік немесе жергілікті билік органдары, мәдениет ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық одақтар мен қауымдастықтар, мәдениет пен өнер саласындағы оқу орындары жүргізе алады.

Сыйлық жөніндегі қосымша ақпаратты төмендегі телефондар бойынша алуға болады:

Ұйымдастыру комитеті: +7 7121 709 628

Театр өнері: +7 7172 709 588

Хореографиялық өнер: +7 7172 709 597

Музыкалық-орындаушылық өнер: +7 7172 709 597

Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер: + 7 7172 709 628

Email: umaiastanaopera@gmail.com

https://astanaopera.kz/about/media/1144

 

Ақпаратты ұсынған «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының  баспасөз қызметі.

Поделиться в соц. сетях: