X

«ҚАЙРАН ӘКЕ»: НҰРЫМБАЙ СҮЛЕЙМЕНҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕШ ӨТТІ

27.09.2026

27 қыркүйекте Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында күйші-композитор Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығына арналған «Қайран әке» музыкалық кеші өтті. Кеште Іле-Алтай-Тарбағатай күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілінің туындылары орындалып, жиналған қауым оның өмір жолы мен өнердегі мұрасын еске алды.

Еске алу кешінде «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі «Арнау», «Қайран әке», «Керуен», «Ана мейірі» шығармаларын орындады. Сондай-ақ көрерменге «Қарттар толғауы», «Ыстық ұя», «Дала сыры», «Қаражон» күйлері мен «Ілем менің» әні ұсынылды. Сахнаға жеке орындаушылар мен домбырашылар ансамблі шығып, күйші мұрасының әуендік байлығын әр қырынан танытты.

Композитордың «Қайран әке» күйі жеке тағдырындағы ауыр оқиғамен байланысты. 1972 жылы әкесінен айырылған жас Нұрымбай осы қасіретті кейін домбыраның қос ішегі арқылы жеткізді. Әкеге деген сағыныш пен перзенттік мұңды өрген туынды күйшінің ең танымал шығармаларының біріне айналды.

Нұрымбай Сүлейменұлы өмірінде 60-тан астам күй мен жиырмаға жуық ән жазды. Оның шығармаларында туған жерге сүйіспеншілік, адам тағдыры, табиғат көріністері мен ұлттық болмыс кең орын алады. 2004 жылы композитордың «Қайран әке» ән-күй жинағы жарық көріп, 2006 жылы оған Шыңжаң Халық үкіметінің «Халық композиторы» атағы берілді. Күйші 2025 жылғы 2 желтоқсанда Текес өңірінде дүниеден өтті.

«Қайран әке» кеші Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығын құрметтеуге және Іле–Алтай–Тарбағатай күйшілік дәстүрін кейінгі ұрпаққа танытуға арналды.

Поделиться в соц. сетях: