X

Астанада Жамбыл Жабаевтың мұрасы ұлықталды

12.11.2026

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған концерт өтті. Тағылымы мол рухани кешті Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырды. Іс-шара жыр алыбы атанған Жамбыл ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, қазақтың дәстүрлі жыршылық, ақындық және ән-күй өнерінің сабақтастығын дәріптеуге арналды.

Концерт бағдарламасы ақынның шығармашылық жолы мен өнердегі тұлғалық болмысын жан-жақты ашуға құрылды. Кеш барысында Жамбылдың «Жиырма бес», «Сарыбайға», «Қайта келген жастық», «Жаз», «Алғадай», «Ақындарға арнау», «Үгәй-үгәй» шығармалары орындалды. Сондай-ақ Жамбыл нұсқасындағы «Қыз Жібек» және «Көроғлы» жырларынан үзінділер ақынның эпикалық мұрасының көркемдік ерекшелігін көрсетті.

Кештің маңызды бөлімдерінің бірі Жамбылдың айтыс өнеріне арналды. Көрермен назарына Жамбыл мен Айкүмістің айтысынан үзінді ұсынылып, Шашубай, Нартай, Майасар, Қалқа сынды ақындардың шығармалары жас әншілердің орындауында жаңғырды. Бұл туындылар қазақтың суырыпсалма ақындық дәстүрінің сабақтастығын және Жамбылдың айтыс өнеріндегі тарихи орнын айшықтады.

Көрнекті композитор Ермұрат Үсеновтің тұңғыш рет орындалған «Жамбылға арнау» атты жаңа шығармасы да көрерменнің зор ықыласына бөленді. «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі ұсынған туынды ұлы ақынның рухына арналған музыкалық тағзым ретінде кештің мазмұнын толықтырды.

Сонымен бірге концерт барысында Сүйінбай Аронұлының, Қабан жыраудың, Кенен Әзірбаевтың, Төлеген Момбековтың, Латиф Хамидидің шығармалары, Әбдіғалидың термесі, халық әндері мен күйлері орындалды Бұған қоса, ұлттық би өнері мен дәстүрлі әндер кештің көркемдік сипатын байыта түсті.

Концертте Ерболат Шалдыбеков, Гульниза Джумажанова, Перизат Тұрарова, Күнсұлу Түрікпен, Аяулым Қамажан, Перизат Омарбекова, Біржан Айтахмет, Мақпал Тоқтағанова, т.б. сынды белгілі өнерпаздар, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Gulder» ансамблі қатысты. Әр орындаушының өнері арқылы Жамбыл мұрасының сан қырлы сипаты ашылып, көрерменге қазақтың бай рухани қазынасы ұсынылды.

Мерекелік кеш Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға және қазақтың дәстүрлі өнері мен музыкалық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын көрсетті. Ұлы ақынның жырлары мен өнегелі мұрасы уақыт өткен сайын жаңғырып, ұлттық руханияттың ажырамас бөлігі болып қала бермек.

Поделиться в соц. сетях: