X

Астанада Айзат Қарабектің жеке концерті өтті

07.11.2026

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен  әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабектің «Ән әлемім» концерті өтті. Музыкалық кеште дәстүрлі ән өнері, сыршыл лирика мен заманауи эстрада өзара сабақтасып, әншінің шығармашылық ізденісін танытты.

Айзат Қарабектің өнеріндегі басты ерекшелік – ұлттық ән дәстүрін сақтай отырып, оны түрлі музыкалық жанр мен орындаушылық үлгіде ұсыну. Бұл бағыт концерт бағдарламасынан да айқын көрініс тапты. Кеш барысында қазақтың дәстүрлі әндері домбыраның сүйемелдеуімен орындалып, лирикалық шығармалар гитара үнімен әрленді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі мен хордың қатысуы да танымал туындыларға кең тыныс берді.

Концертте Президент оркестрінің халық музыкасы ансамблімен бірге «Дедім-ай, ау», «Қазақстан аймағы», «Мұхида-Шайбан», «Әгугай», «Сайра, бұлбұл», «Қысмет», «Қанекей, тілім, сөйлеші», «Ұлы дала», «Құстар әні», «Қарғам-ау» шығармалары орындалды.  Сондай-ақ кеш бағдарламасына «Асылжай, арман ба едің», «Ал, құрбым», «Жорғатай», «Қыздарға әсемдік жарасады», «Қарағым-ай», «Ауылым» әндері енді. Гитарамен орындалған шығармалар концерттің әуезді әрі сыршыл сипатын аша түсті.

Оркестр мен хордың сүйемелдеуімен шырқалған «Таңғы тілек», «Кете алмайсың сен менен», «Ана жүрегі», «Әгугәй домбыра», «Қарлығаш», «Жасасын қазағым» әндері концерттің мазмұнын кеңейтіп, музыкалық кешке ерекше көркемдік сипат берді. Сахналық қойылымдарды «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің бишілері толықтырды.

Музыкалық кештің арнайы қонақтары – Қазақстанның халық әртісі Әлішер Кәрімов, Сатжан Шаменов, Санджай Альмишев және Айзада Кемел. Өнерпаздар Айзат Қарабекпен бірге сахнаға шығып, көрермендерді тағы бір қуантты.

Кеш соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі  атынан ықылас гүлі табысталды. 

«Ән әлемім» концерті дәстүрлі ән өнері мен заманауи музыкалық бағыттардың өзара сабақтастығын танытып, өнерсүйер қауымға ұлттық музыканың тереңдігі мен көркемдік қуатын сезінуге мүмкіндік берді.

Поделиться в соц. сетях: