Астанада әлемдік опера мен оперетта жауһарлары шырқалды
28.10.2026
28 қазанда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Музыка на все времена» концерті өтті. Классикалық музыка кешінде Қазақстанның Мемлекеттік симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Бағдарламаға Италия, Франция, Чехия, Австрия композиторларының әлемдік опера және оперетта өнерінің жауһарлары енді.
Сахнада Медет Чотабаев, Азамат Желтыргузов, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Капонова, Салтанат Ахметова, Азат Мәлік, Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Лаура Ғалым және Талғат Аллабиринов сынды танымал опера әншілері өнер көрсетті. Вокалдық партиялар Қазақстанның Мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Концертте оркестрдің көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.
Музыка кешінде Пьетро Масканьидің «Cavalleria rusticana» операсынан әсерлі интермеццодан басталды. Кеш барысында солистер Джоаккино Россинидің «Il barbiere di Siviglia», Джакомо Пуччинидің «Турандот» және «Джанни Скикки», Винченцо Беллинидің «I puritani», Шарль Гуноның «Ромео мен Джульетта», Джузеппе Вердидің «Фальстаф» және «Травиата», Антонин Дворжактың «Rusalka» операларынан әйгілі ариялар мен басқа да шығармалар орындалды.
Бағдарламада Бизе, Делиб және Верди шығармаларынан орындалған вокалдық дуэттер ерекше орын алып, опера өнерінің байлығы мен көркемдік қуатын айшықтады. Сонымен қатар көрермендер Франц Легардың «Джудитта», «Das Land des Lächelns» және «Die lustige Witwe», Имре Кальманның «Сильва» оперетталарынан танымал арияларды зор ықыласпен қабылдады. Кеш соңында өнерпаздар Джузеппе Вердидің «Травиата» операсындағы «Brindisi» шығармасын бірге орындады.
Концерттің құрметті қонақтары қатарында Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері Батыр Чарыев пен суретші, Қырғызстанның мәдениет қайраткері Таалайбек Усубалиев болды.
Концерт әуен әсемдігімен, сезім тереңдігімен және симфониялық оркестрдің қайталанбас үнімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан классикалық музыканың құндылығын тағы бір мәрте айшықтады.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз