Астанада «NUMORI» және «Saz&Soul» топтарының бірлескен концерті өтті
26.10.2026
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Астанада кореялық «NUMORI» тобы мен қазақстандық «Saz&Soul» вокалды-аспаптық тобының бірлескен концерті өтті. Музыкалық кеш екі елдің дәстүрлі өнерін заманауи музыкалық бағыттармен ұштастырып, мәдени ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.
«Қазақконцерт» сахнасында өткен концертте дәстүрлі фьюжн жанрында өнер көрсететін «NUMORI» тобы мен «Saz&Soul» ұжымы өздерінің шығармашылық ерекшеліктерін таныстырды. Кеш барысында ұлттық музыкалық дәстүрлер заманауи ырғақтармен үйлесіп, көрермендерге ерекше музыкалық әсер сыйлады.
«NUMORI» тобы корей халқының музыкалық мұрасын заманауи музыкалық бағыттармен ұштастырып, ұлттық өнерді жаңа форматта танытуымен ерекшеленеді. «NUMORI» өнерінде K-Pop, K-Rock пен дәстүрлі корей музыкасы, электроника және блюз-рок элементтері үйлесім тапқан. Ал «Saz&Soul» ұжымы вокалдық орындаушылық шеберлік пен ұлттық аспаптардың үнін үйлестіре отырып, өзіндік шығармашылық бағытын қалыптастырып келеді.
Концертте қазақ және корей көне музыкалық дәстүрі жаңғырып, заманауи әуендер де орындалды. Концерт бағдарламасына «Керім-ау, айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Сүгірдің термесі», «Махаббат - мәңгі ертегі» шығармалары, «Ариран» корей халық әні мен «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Жем суының тасқыны» күйлері енді. Сонымен қатар, кеш барысында «Open the Door», «Hey Oh», «Goblin fire», «Bella», «Katuri», «Song of the Shaman», «Guna Guna», «nuTrip», «Chwihanda Chwihae», «Kezina», «Gaja Gaja» композициялары орындалды. Корей халқының әйгілі «Ариран» әнінің домбыра сүйемелдеуімен орындалуы кештің ерекше сәттерінің біріне айналды. Ал «NUMORI» тобының орындауында шырқалған «Назқоңыр» қазақ халық әні көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Екі ұжымның бір сахнада өнер көрсетуі Қазақстан мен Корея Республикасының мәдени дәстүрлері арасындағы шығармашылық үндестікті айқындады. Концерт ұлттық музыкалық мұраны заманауи форматта насихаттауға, сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды шығармашылық кездесуге айналды.
Кеш соңында әртістерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан ықылас гүлі табысталды.
Осындай бірлескен жобалар елдер арасындағы мәдени диалогты нығайтып, өнерпаздардың тәжірибе алмасуына және көрермендердің түрлі халықтардың музыкалық мұрасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз