«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының репертуары жаңа мюзиклмен толықты
26.09.2026
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры көрерменге Бродвей стиліндегі жаңа қойылым «ЗЕЙІН» мюзиклін ұсынды.
Қойылымның басты кейіпкері Зейін уақытын түгелдей жұмысқа арнап, күнделікті тіршілігін жеңілдететін жасанды интеллект роботының көмегіне барған сайын көбірек сүйенеді. Тиімділік пен табысқа ұмтылған ол анасы мен сүйген қызы Іңкәрден алыстап, өз сезіміне де көңіл бөлуді ұмытады. Кейіпкердің өміріндегі осы өзгерістер арқылы спектакль бүгінгі қоғамға жақын «технология үнемдеген уақытты біз кімге және неге арнап жүрміз?», деген сауал қояды.
«ЗЕЙІН» – драмалық оқиғаны музыка, би және сахналық көріністер арқылы өрбітті. Спектакль үшін оннан астам шығарма арнайы жазылған. Заманауи ырғақтар, лирикалық әуендер, мұңлы вальс пен бесік жыры кейіпкерлердің көңіл күйін ашып, оқиғаның әсерін тереңдете түсті. Қойылымға 30 әртіс қатысты.
Зейіннің бейнесін Алиулла Шауенов, анасының рөлін Гүлнар Омашева, әкесінің рөлін Нұрбек Сағымбек сомдады. Жасанды интеллект роботының рөлінде Бекзат Бағытжанов, Іңкәр рөлінде Арай Құсаинова өнер көрсетті. Қойылымның көркемдік жетекшісі – Есләм Нұртазин, режиссері – Дархан Байғожаев. Музыкасын Ақжол Өмірзақов пен Дархан Байғожаев жазды. Шығарма авторлары – Шыңғыс Маман мен Дархан Байғожаев. Хормейстері – Алмат Абишев, хореографы – Азиза Жорабек, суретшісі – Ерлан Тұяқов.
«ЗЕЙІН» көрерменге өмір қарқынына ілесеміз деп басты құндылықтардан алыстап кетпеу туралы ой салды. Махаббат пен қамқорлықтың орнын ешбір жетістік те, технология да баса алмайтынын жүрекке жеткізген қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әртістердің шынайы ойыны мен спектакль үшін арнайы жазылған музыкалық шығармалар кейіпкерлердің ішкі сезімін терең ашып, залдағы қауымды оқиға желісіне баурады. Қойылым соңында көрермен өнерпаздарға зор қошемет көрсетіп, әсерлі туындыға ризашылығын білдірді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз