LUDWIG VAN BEETHOVEN №5: ТАҒДЫРМЕН ҮНДЕСКЕН ҰЛЫ ӘУЕН
18.09.2026
18 қыркүйекте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Үлкен залында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің LUDWIG VAN BEETHOVEN №5 атты классикалық музыка кеші өтті. Классикалық музыка кешіне оркестрдің бас дирижері Дастан Ибрагимов жетекшілік етті.
Бұл кеш адам жанындағы арпалысты, тағдырдың тосын сынақтарын, үміт пен рухтың жеңісін музыка тілімен толғаған әлемдік жауһарлар шеруіне айналды. Симфониялық оркестрдің сан бояулы үні тыңдарманды бірде терең ойға жетелесе, бірде асқақ сезімге бөлеп, классикалық өнердің шексіз әлеміне жол ашты.
Концерт шымылдығы Джузеппе Вердидің «Тағдыр күші» операсына жазылған увертюрасымен ашылды. Қуатты драматизм мен ширыққан эмоцияға толы шығарма адам тағдырының күрделі иірімдерін музыка тілімен бейнеледі.
Кеш барысында Петр Чайковскийдің виолончель мен оркестрге арналған рококо тақырыбындағы вариациялары орындалды. Нәзік лирика мен виртуоздық шеберлік үйлесім тапқан туынды виолончельдің терең әрі сырлы үнін жан-жақты ашты.
Концерттің шарықтау шегінде Людвиг ван Бетховеннің әлемдік музыка тарихындағы ең әйгілі туындыларының бірі - до минордағы №5 симфониясы орындалды. Алғашқы аккордтарынан-ақ тағдырдың қаһарлы үнін сездіретін шығарма күрес пен жеңістің, қараңғылықтан жарыққа ұмтылған адам рухының мәңгілік символындай әсер қалдырды.
Классикалық музыканың құдіретін сезіндірген кеш көрерменге терең ой мен жарқын әсер сыйлады.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз