X

«VIVA MOZART»: Моцарт музыкасының жарқын әлемі

30.09.2026

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен «VIVA MOZART» концерті өтті.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өткен классикалық музыка кешінде ұлы композитордың бай музыкалық мұрасы көрерменге әйгілі опералардағы ариялар мен дуэттер арқылы жетті. Елорданың бас сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Желтыргузов пен Салтанат Ахметова, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Лаура Ғалым және Талғат Аллабиринов өнер көрсетті. Мандолина партиясын Аяулым Жумкенова орындады.

Кеш бағдарламасында Моцарттың «Фигароның үйлену тойы», «Дон Жуан», «Барлық әйелдер осылай жасайды», «Сиқырлы флейта» операларынан ариялар мен дуэттер, «Театр директоры» зингшпилінен рондо және «Exsultate, jubilate» мотетінен «Alleluja» сияқты әйгілі шығармалары орындалды. 
Сондай-ақ көрермен назарына «Фигароның үйлену тойы» операсының увертюрасы, «Sull’aria» дуэті және әйгілі Түн патшайымының ариясы ұсынылды.

«VIVA MOZART» кеші ұлы композитордың музыкалық мұрасын бір бағдарламада тоғыстырып, көрерменге опера өнерінің әсемдігі мен сан қырлы сипатын таныта білді.

Поделиться в соц. сетях: