X

«ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» 63-ШІ ЖАҢА КОНЦЕРТТІК МАУСЫМДЫ БАСТАЙДЫ

22.08.2023

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 63-ші жаңа концерттік маусымының салтанатты ашылу рәсімін өткізеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «GALA OPENING» жобасы аясында танымал қазақстандық әртістердің қатысуымен Гала-концерт, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің «Bridge of Times» бірегей жобасы және «Джаз кештері» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.

2 қыркүйек сағ. 18.00-де Гала-концертте дәстүрлі халық музыкасы мен классикалық музыкалық туындыларды, сондай-ақ, опералық ариялар мен танымал эстрадалық бағыттағы әндерді мәдениет майталмандары мен шет мемлекеттерде ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жас талантты музыканттар көрермендер назарына ұсынады. Іс-шарада «Қазақконцерттің» өнер ұжымы «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «Saz&Soul» тобы, «Гүлдер» ансамблі, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі, Қазақ Мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Халық қазынасы» дәстүрлі өнер орталығы, эстрада және классикалық өнер бөлімінің солистері, сондай-ақ, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрмаш Махан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзак, Салтанат Ахметова, Әлішер Каримов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Рухия Байдүкенова, Азат Малик, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Дидар Әбдухалық, сондай-ақ, «Қазақконцерттің» барлық шығармашылық ұжымдары мен әртістері қатысады. 

3 қыркүйек сағ. 18.00-де «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі «Bridge of times» атты жаңа бірегей жобаны ұсынады. Кеш бағдарламасында фольклорлық және симфониялық үздік туындылар орындалады. Іс-шараға композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлова, белгілі опера әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Италия Жұлдызы» Орденінің кавалері Медет Чотабаев, опера әншісі, Арриго Бойто атындағы консерваторияның магистрі (Италия) Әйгерім Алтынбек, пианист, концертмейстер және «Мәдениет саласының үздігі» Дина Мирманова қатысады.

4 және 5 қыркүйек күндері сағ. 19.00-де ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ДЖАЗ КЕШТЕРІ» халықаралық фестивалі өтеді. Бұл JAM-SESSION-ға «Қазақконцерт» сахнасында үздік джаз топтары өнер көрсетеді. Музыкалық кешке қатысатын өнер ұжымы мен солистерінің қатарында Айжан Нұрмағамбетова, Жанна Орынбасарова, Зарина Божакова, Алибек Альмадиев, Салтанат Мендыгалиева, «Saz&Soul» вокалды-аспаптық ансамблі, Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» РМҚК «Big Band», ҚГКП «Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының» Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің, «Қостанай қалалық мәдениет және тілдер дамыту бөлімі» ММ «Джаз Big Band», Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Биг Бенд» Джаз-оркестрлері мен солистері, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі құрамындағы «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі, «Шабыт» шығармашылық ұжымы, «Jam-session trio» триосы және т.б. қатысады. Кештің басты қонақтары – Өзбекстанның халық әртісі Мансур Ташматов және Өзбекстан мемлекеттік филармониясының солисі (саксофон) Азизбек Исматуллаев.

«Қазақконцерттің» жаңа 63-ші концерттік маусымы түрлі іс-шаралар мен қызықты жобаларға толы болмақ. Елорданың барлық тұрғындары мен қонақтары алдағы уақыттарда музыкалық мұра жауһарлары мен заманауи әндерді тамашалай алады.

 

Поделиться в соц. сетях: