X

«Coupe Mondiale 79» халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті

24.08.2026

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының (CIA) басшылығы мен делегаттары, халықаралық қазылар алқасының мүшелері, байқауға қатысушылар, отандық және шетелдік музыка мамандары мен өнерсүйер қауым қатысты.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысып, салтанатты шара қонақтары мен қатысушыларына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жеткізді.
Құттықтау хатында Аида Балаева музыка әлеміндегі ең беделді өнер додаларының бірі – «Coupe Mondiale» байқауының Қазақстанда өтуі еліміздің мәдениет саласын дамыту және халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі екенін атап өтті.
«Бұл Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азияның мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Ұзақ жылдар бойы дүниежүзінің таңдаулы орындаушыларын бір арнаға тоғыстырып келе жатқан байқау кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденістің беделді алаңына айналды. Биыл әлемнің қырыққа жуық елінен өнер майталмандары мен дарынды жастардың, сарапшылар мен ресми делегациялар өкілдерінің қатысуы оның халықаралық мәртебесін айғақтайды. Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы басшылығы мен беделді өкілдерінің елімізге келуі де Қазақстанның мәдени әлеуетіне көрсетілген зор сенімнің белгісі деп білемін. Бұл қазақстандық жас музыканттардың кәсіби шеберлігін шыңдап, халықаралық тәжірибе жинақтауына және әлемдік сахнаға шығуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – делінген құттықтау хатында.
Әлемдік баян және аккордеон өнеріндегі ең беделді додалардың бірі саналатын «Coupe Mondiale» биыл алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда өтіп отыр. Халықаралық байқау кәсіби орындаушыларды, музыка мамандарын, халықаралық сарапшыларды және баян мен аккордеон өнерінің танымал өкілдерін елорда төрінде тоғыстырды.
Айта кетейік, халықаралық байқауды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырып отыр. Байқаудың басты демеушісі - Halyk banki.

Поделиться в соц. сетях: