X

Концерттік-гастрольдік қызмет бойынша мемлекеттік концерттік ұйымдардың республикалық орталығы

19.02.2020

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында «Концерттік-гастрольдік қызмет бойынша мемлекеттік концерттік ұйымдардың республикалық орталығының» тұсаукесері өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жаңадан ашылған орталық өнер ұжымдарының республикалық және халықаралық гастрольдерін жоғары дәрежеде жүзеге асыру, сапалы концерттік  іс-шаралардың еліміздің барлық өңірлеріне, оның ішінде шалғай жатқан аудандар және ауылдық мекендерге қолжетімді ету мақсатын көздейді.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова,  республикалық және облыстық мәдениет ұйымдарының өкілдері қатысты.

- Отандық мәдениетті шетелге танытатын, еліміздің облыстарымен және өзге өңірлерімен өзара байланысты нығайтатын, сонымен қатар сапалы өнер туындыларының тыңдармандар қатарын қалыптастыратын жұмысымыздың маңызды бағыты – концерттік-гастрольдік қызмет екені баршамызға белгілі. Басты назарда – ел аймақтарындағы гастрольдер болмақ. Республика өңірлеріндегі гастрольдер тыңдарман қауымның дұрыс талғамын қалыптастырып, отандық өнердің үздік үлгілерін барша халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Жаңа орталық осы мақсатты толығымен жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сеніміміз мол. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, бұл орталық ел өңірлеріндегі үздіктерді анықтауға, өңірлік мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өзара бірлікте жаңаша бағытта жұмыс жасауымызға тың серпін береді. Нәтижесінде ірі қалалар мен өңірлердің өнер ұйымдары өзара бірлесіп жұмыс атқаруына және тәжірибе алмасуға мүмкіндік туындайды. Еліміздің барлық концерттік-гастрольдік ұйымдарын бір арнаға біріктіру үшін концерттік-гастрольдік қызмет бойынша республикалық орталықты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы негізінде ашу ұсынылады, - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

«Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап көрсеткендей, гастрольдік қызметті орталықтандыру – бүгінгі күннің объективті қажеттілігі. «Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан біздің ұйымға тапсырған бұл игі бастама Қазақконцерт үшін бұл үлкен мәртебе. Бұл орталық республикадағы барлық мәдениет ұйымдарының гастрольдік қызметін реттеуге, жүйелендіруге зор ықпалын тигізеді. Алпыс жылдық тарихы бар біздің ұйым бұл бағытта мол тәжірибе жинақтаған және осы тәжірибемен бөлісуге дайын»,- деді Ж.Сейдуллаұлы.

Жиын барысында Ел өңірлерінен келген мәдениет ұйымдарының өкілдері аталмыш саладағы мәселелік сұрақтарға жауап алып, орталықтың жұмысы бойынша өз ойларын ортаға салды.

Еске салсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің биылғы алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары шығармашылық ұжымдардың өңірлермен байланысын нығайтуды тапсырған еді. Осыған сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі бұл бағыттағы қызметті одан әрі жандандырмақ.

Поделиться в соц. сетях: