X

«Қазақконцерт» директоры тағайындалды

15.11.2023

Таир Қаратаев Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директорының міндетін атқарушы ретінде қызметіне тағайындалды.

 

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев Таир Қаратаевты «Қазақконцерт» ұжымына таныстырды.

Арман Әділханұлы бұған дейін ұжымға басшылық еткен, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті қызметіне тағайындалған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, DBA, профессор, композитор Ақтоты Райымқұлованың қызметіне алғыс айтып, алдағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Таир Қаратаев 1996-2007 жылдары К. Байсейітова атындағы республикалық дарынды балаларға арналған арнайы музыка мектебін виолончель сыныбы, 2007-2011 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Аспапта орындаушы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы «Қазақстан Камератасы» оркестрінің әртісі қызметінен бастады. 2015-2016 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің әртісі қызметіне қабылданып, одан кейін оркестр инспекторы, 2016-2018 жылы гастрольдік-концерт қызметінің жетекшісі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары, 2018-2019 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры директорының менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2020-2021 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директоры, 2021-2022 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, 2022 жылдың ақпанынан ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры қызметтерін атқарды.

Поделиться в соц. сетях: