«ЗЕЙІН» МЮЗИКЛІ КӨПШІЛІК КӨРЕРМЕННІҢ СҰРАНЫСЫМЕН ҚАЙТА САХНАЛАНДЫ
03.10.2026
Бір апта бұрын премьерасы өткен «ЗЕЙІН» мюзиклі көрерменнің көптеген өтініші бойынша бүгін тағы да сахналанды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымына қарасты «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры ұсынған Бродвей стиліндегі қойылым «Технология үнемдеген уақытты біз кімге арнап жүрміз?» деген өзекті сауал қояды.
Басты кейіпкер Зейін жұмыс пен табысқа ұмтылып, жасанды интеллект көмегіне сүйенген сайын жақындарынан алыстай түседі. Анасының мейірімі мен сүйген қызы Іңкәрдің сезімі күнделікті қарбаластың көлеңкесінде қалады.
Отыз әртіс қатысқан мюзиклде арнайы жазылған оннан астам музыкалық шығарма орындалды. Заманауи ырғақтар, мұңлы вальс пен бесік жыры кейіпкерлердің ішкі әлемін ашып, көрерменді оқиғаға баурады.
Қойылымның көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин, режиссері Дархан Байғожаев. Музыкасын Ақжол Өмірзақов пен Дархан Байғожаев жазған. Шығарма авторлары Шыңғыс Маман мен Дархан Байғожаев.
Айта кетейік, «ЗЕЙІН» - жетістікке ұмтылғанда жақындарымызға көңіл бөлуді ұмытпау туралы туынды. Махаббат пен қамқорлықтың орнын ешбір технология баса алмайтынын жеткізген қойылым бүгін де көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Поделиться в соц. сетях:
Форма заявки
Өтінішіңізді жіберіңіз