X

Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсы өз мәресіне жетті

28.09.2024

Есімі төрткүл дүниеге мәшһүр жазтаңдай әншіміз Роза Бағлановаға арналған, алыс-жақын шет ел таланттарының басын қосқан өнер додасы әнсүйер қауымға нағыз мереке сыйлады.

 

Қазақконцерттің қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылған конкурсқа 50-ден астам өтінім түсіп, оның ішінде бірінші кезең онлайн іріктеуінен өткен 16 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Қатысушылар Роза Бағланованың ән қоржынынан және өз таңдауы бойынша ән орындап, қазылар алқасы алдында өнерлерін көрсетті.

 

 Конкурсқа Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қырғыз Республикасының Халық әртісі Роза Аманова, Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ташматов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Нұрлан Абдуллин, Жанна Орынбасарова, Жаннат Бақтай және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев сынды атаулы өнер майталмандары қазылық етті.

 

Қазылар алқасының шешімі бойынша:

 

Бас жүлде  иегері -  Асыл Жомартов;

Бірінші орын иегері – Анна Уварова;

Екінші орын иегері – Аружан Бейсембай;

Үшінші орын иегері– Севарахон Тулаева атанды.

 

Айта кететін жайт, Роза Тәжібайқызының отбасының атынан «Көрермен көзайымы» арнайы сыйлығы тағайындалды. Арнайы сыйлық көпшіліктің зор ықыласына бөленген Әбілқайыр Жексенбек пен Айдана Сатиндиеваға бұйырды.

 

Бұл конкурс Роза Бағланованың мәңгілік мұрасын жаңғыртып, жастар арасында өнерге деген қызығушылықты арттырып, жас таланттарға жол ашуға ықпал ететіні сөзсіз.

Поделиться в соц. сетях: